Аудан әкімі Нариман Мақұлбековтің аудан тұрғындарын ораза айт мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Нариман Мақұлбековтің аудан тұрғындарын ораза айт  мерекесімен құттықтауы
Қадірменді қауым!
Баршаңызды мұсылманның ұлық мейрамы – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын.
Рамазан – береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті ұлық мерекелердің бірі. Отыз күн ораза тұтқан мұсылман жамағаты қасиетті ораза айт мейрамын да ерекше ықыласпен қарсы алады.
Халқымыз рамазан айын ежелден қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп қадірлеген. Ал мереке күндері ағайын-жұрт бір-біріне «айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Ағайын-туысқа айттап бару, балалар мен қадірлі қонақтарға айттық беру – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан игі дәстүр.
Ораза айт – қонақжайлылық пен мейірбандықтың, достық пен татулық­тың мерекесі. Ізеттілік пен ізгілікке, бірлік пен игілікке үндейтін бұл мейрам елімізде тұратын түрлі ұлттар мен ұлыстарды да ынтымаққа ұйыстыра түседі.
Ораза айт – бір ай бойы төзімділік танытып ауыз бекіткен, ықыласпен қайырымдылық жасаған пенденің құрмет пен марапатқа, қуаныш пен сауапқа кенелетін сәті.
«Айт» – мерекелеу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу деген сөз. Демек, бұл күндері отбасын, ағайын-туыс, көршілер мен көмекке мұқтаж жандарды қуанышқа бөлеп, алғысын алудың – зор мәртебе. Жабыққан жанның көңілін жадыратып, шаңырақты шат-шадыман күйге бөлеп, сыйлық үлестіру де – мерекенің сәнін келтіре түсетін ізгі амалдың бірі.
Құрметті жерлестер!
Мұсылман қауымының осынау шуақты мейрамында әрбір шаңыраққа баянды бақыт, амандық пен береке тілеймін.
Қасиетті рамазан айында ұстаған оразаларыңыз, жасаған әрбір қайырлы амалдарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!