«ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА АМАНАТ»: КАМАЛ ОСПАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

«ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА АМАНАТ»: КАМАЛ ОСПАНҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ
Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Камал Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты еске алу шарасы өтті.
Тағылымға толы шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ардақты тұлғаның өнегелі өмір жолына тоқталды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз ерлік дәстүрін дәріптеп, батырларымыздың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуіміз керек» деген тағылымды пікірін атап өтіп, Камал Оспанұлының ғұмыр жолы – жас ұрпақ үшін теңдессіз үлгі екенін жеткізді.
– “Бүгінгі еске алу шарасы – бір ғана азаматтың өмір жолын дәріптеу емес, бұл – ел басына күн туған шақтағы ерлік пен елдіктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің асыл мұрасын ұлықтайтын тағзым сәті,” – деді аудан әкімі.
Камал Оспанұлы 1926 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жастайынан елге деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлық, әділдік қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ол небәрі 16 жасында Отан қорғауға аттанып, Сталинград майданында ерлікпен шайқасты. Жауға қарсы қайсарлық танытып, жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.
Сұрапыл соғыста ауыр жарақат алып елге оралған соң, бейбіт өмірде де халыққа адал қызмет етті. Заң саласын таңдап, прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, әділдік пен заңдылықтың сақталуына зор үлес қосты.
Ардақты азаматтың ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, КСРО Бас прокуроры Роман Руденконың атынан табысталған атаулы алтын сағатпен марапатталды. Сонымен қатар, кеудесіндегі «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдары – оның ерлікке толы өмірінің айқын дәлелі.
Сонымен қатар, тағылымды кеште Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы Исламбек Төлегенов, «Хусамуддин Әс-Сығанаки» қоғамдық қорының президенті Тұрсынхан Әлібеков, сондай-ақ отбасы атынан Назипа Оспанова сөз сөйлеп, Камал Оспанұлының жарқын бейнесі мен өнегелі өмір жолын тебіреніспен еске алды.
Жиында ардагердің рухына тағзым жасалып, оның ел үшін сіңірген еңбегі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны атап өтілді.
 
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі