Жалағаш ауданында мықты отбасылар бар

Жалағаш ауданында мықты отбасылар бар

Жалағаш ауданында мықты отбасылар бар

Қызылорда облысының Жалағаш ауданы отбасы-неке қатынастары саласында ерекше көрсеткішке қол жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда АХАТ органдары арқылы бірде-бір неке бұзу дерегі тіркелмеген. Бұл көрсеткіш тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық ауқымда да сирек кездесетін жағдай болып табылады.

Ажырасу деректерінің ең көп бөлігі облыс орталығы – Қызылорда қаласына тиесілі. Мұнда бір жыл ішінде 197 отбасы некесін бұзған, бұл облыс бойынша тіркелген ажырасулардың жартысынан астамын құрайды. Ажырасу саны бойынша екінші орында – Байқоңыр қаласы, үшінші орында – Жаңақорған ауданы тұр.

2024 жылдың осыған ұқсас кезеңінде Жалағаш ауданында 7 неке бұзу дерегі тіркелген болатын. Жалпы облыс бойынша өткен жылы 3 792 неке қиылып, 338 ажырасу тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға төмендеген.

Айта кетейік, өңірдегі ажырасу деңгейінің төмендеуі отбасы институтының нығаюына және отбасылық құндылықтарға жауапкершілікпен қараудың қалыптасуына оң әсер етуде. Жалағаш ауданының тәжірибесі қазіргі үрдістер сақталған жағдайда, ажырасу көрсеткішін төмендету бағытындағы нәтижелерді биылғы жылы да жақсартуға болатынын айқын көрсетеді.