Қызылорданың ең көрікті орындарының бірі - Тұңғыш Президент саябағы жаңа кейіпке енбек. 2007 жылы пайдалануға берілген аумағы 64,5 гектарды құрайтын саябақ бүгінде халықтың сүйікті демалыс орнына айналғанымен, осы уақытқа дейін күрделі жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген еді. Енді, уақыт талабына сай, көпшілік демалатын аумақты қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аймақ тұрғындарының арасында жасыл желекке көмкерілген саябақта мерекелік кештер өткізу, отбасылық демалыс өткізу игі дәстүрге айналған. Жаңа жобада жетіспейтін инфрақұрылымдар толықтай қарастырылған. Жоба аясында Тұңғыш Президент саябағы мен Денсаулық саябағы арасында біртұтас, заманауи демалыс кеңістігі қалыптастырылмақ. Аумағында автотұрақ, гүлзарлар, 3 аллея, 3 бөліктен тұратын су бұрқақ, амфитеатр, бетон скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт және 4 workout аймағы, 4 фудкорт пен әртүрлі аттракциондар бой көтереді. Сонымен қатар, саябақ ішінде биік дөңгелекті әткеншек, теннис корты, фитнеске арналған құрылғылар, паркур мен стритбол алаңдары, сахна мен би алаңы да орнатылады. Сондай-ақ, канал арқылы өтетін көпірлер мен сарқырама арналары орнатылып, арқан саябағы мен дария жағалауын бойлай жүргіншілер жолы төселмек. Қала тұрғындарының спортқа жақын болуына ықпал ететін футбол, волейбол, баскетбол, бадминтон, шахмат алаңдары да жобада қамтылған. Айта кетейік, бүгінде Қызылорда қаласында 33 сквер мен аллея, саябақтар және демалыс орындары бар.