Көрнекі ақпарат мәселелеріне арналған облыстық семинар өтті

Көрнекі ақпарат мәселелеріне арналған облыстық семинар өтті

 

Көрнекі ақпарат мәселелеріне арналған облыстық семинар өтті

 

2022 жылғы 17 ақпанда «Өрлеу» педагогикалық қызметшілердің біліктілігін арттыру институтының мәжіліс залында  Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабына Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 94 Заңымен енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.

Аталған шараға Қызылорда облысыныңкәсіпкерлік және туризм басқармасының,қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің, облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары,тіл жанашырлары, жарнама агенттіктерінің басшылары, заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері қатысты.

Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ләззат Есімова жүргізіп, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістердіжәне жаңа заң талаптарын түсіндірді.

Көрнекі ақпарат құралдары, яғни баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және т.б. елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар болыпсаналады.Көбіне жарнама беруші сататын затын немесе көрсететін қызметін жарнамалаған кезде оның тіліне мән бере бермейді. Сол сияқты халыққа қызмет көрсету орындары көрсетілетін қызметтің түрлерін қате аудармамен жазып іледі. Қоғамдық тамақтану орындарында толықтай қазақ тілінде жазылған ас мәзірлері де сирек кесдеседі.

Заңға енгізілген өзгерістер деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуға, орфографиялық қателерге жол бермеуге, сондай-ақ, қазақ және орыс тілдерінде берілген деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеу фактілерін жоюға бағытталып отырғандығы жайлы түсіндірілді.

Семинар барысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы, ақпараттық-насихаттық  топтың мүшесі С. Аңсат ұйым тарапынан көрнекі ақпараттардағы қателіктерді жоюда тұрақты «Тіл сақшысы» рейдтері жүргізіліп, заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, кеңінен насихаттау бағытында басқармаман бірге жұмыстар жүргізетіндігін жеткізді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары А. Әбілов пен  А. Абасилов 98 пайыз қазақ тұратын өңірде көрнекі ақпарат жазулары тек мемлекеттік тілде болу керектігін, сондай-ақ, қазіргі уақытта жарнамадағы сауаттылық мәселесінің жағдайы өте нашар екендігін алға тартып, жарнама мәтіндеріндегі қателіктер, тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы жөніндеөз пікірлерін ортаға салды. Осыған байланысты облыста жарнамалардағы арнайы аудармаларды қарайтын жұмыс тобының болуын, оған арнайы қаржы бөлінуі қажет екендігі жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

«Қызылорда дизайн» жарнама агенттігінің басшысы А. Байдалиев халықтың назарын аудару үшін мемлекеттік тіл мәселесіне қатыстынасихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары, радио-телеарналарда кеңінен жүргізуді ұсынса, «Шик» жарнама агенттігінің директоры Д. Шыңғысхан тіл туралы заңды бұзғандарға айыппұл салу жағын қарастыруды айтты.

Сондай-ақ, «Нұр-дизайн» жарнама агенттігінің басшысы                                                   К. Базарбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар ірі сауда дүкендерінің қазақ тіліндегі жарнамаларыреспубликадан қате аударылып, бекітіліп келетіндігін және оны басып шығарудан бас тартып, бірнеше келісім шартты бұзғандығын жеткізді.

Жиын барысында «Jas Otan»жастар қанаты» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы М. Жорабектек мемлекеттік тілде берілетін жарнамалардың құнына жеңілдік жасалса, оған тапсырыс беруші кәсіпкерлердің артатынын айтып, жарнама агенттіктерінің басшыларына үндеу тастады.

Ашық алаңдағы еркін форматта өткен жиында қатысушылар көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілді ғана қолдану - мемлекеттік тілдің дамуына жасалған үлкен қадам екендігін атап өтіп,  насихаттау жұмыстарына қоғам болып атсалысуға қолдау көрсететіндерін білдірді.