Облыс әкімі медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, дәрігерлерге құрмет көрсетті

Облыс әкімі медицина қызметкерлері күніне арналған  салтанатты шараға қатысып, дәрігерлерге құрмет көрсетті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, дәрігерлерге құрмет көрсетті.

Аймақ басшысы күрделі кезеңде үлкен жауапкершілік танытып, шынайы жанашырлықпен күндіз-түні еңбек еткен әрбір ақ халатты абзал жандардың еңбегін ерекше атап өтіп, кәсіби мамандарға игі тілегін арнады.

- Ауырған жанды емдеу, оның өмірін сақтау – Сіздердің Отан, адамзат алдындағы қасиетті борыштарыңыз. Соңғы жылдары әлемдік індет бізге медицина мамандарының қажеттілігін бұрынғыдан да артық сезіндіріп, мәртебесін биіктете түсті.

Сіздердің бұл еңбектеріңіз шын мәнінде барлық құрметке лайық! Бұл орайда, әлемдегі ең ізгі, ең қастерлі мамандық иелерінің қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып келеді. Әрине, ең үлкен баға – халықтың шынайы көңілі екені сөзсіз. Сындарлы кезеңде дертіне шипа іздеген әрбір жерлесіміз бұл ретте Сіздерге дән риза деп білемін,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Індетті ауыздықтауда алдыңғы шепте жүрген медицина мамандарына мемлекет тарапанынан қолдау жоғары деңгейде жүруде. Өткен жылы облыс бойынша вируспен күрескен 3 мыңға жуық медицина қызметкеріне 3 млрд.теңге көлемінде үстемеақы төленді. Ал, жиырмадан астам медицина қызметкері жоғары мемлекеттік наградамен, 107 қоғам белсендісі «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Кәсіби мерекеде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қажырлы еңбек еткен, қысылтаяң шақта кәсібиліктің жоғары үлгісін көрсеткен бірқатар медицина мамандарын марапаттады.