Алғыс айту күнінде қайырымды істер марафоны басталмақ

Алғыс айту күнінде қайырымды істер марафоны басталмақ

Бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында 1 наурыз Алғыс айту күніне арналған брифинг өтті. Брифингте Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев айтулы мерекеге орай өткізілетін кешенді шараларға тоқталды.

«Жоспарға сәйкес 1 наурызда аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын облыстық деңгейде іске қосу шарасы өтеді. «Қоғамдық келісім» КММ-і мен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы бірлесіп, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Татулық пен алғыс» атты мерекелік фильм-концерт әзірледі. Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Облыстық, аудандық БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде Алғыс айту күніне орай «Еліме алғыс айтамын» атты құттықтау айдарын ашу, сұхбаттар мен пікірлер жариялау жұмыстары жүргізілуде. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде «Шын жүректен» тақырыбында бейнероликтер әзірленіп, жариялануда. «30 жылға - 30 тілек» тақырыбында әр сала үздіктерінің бейнеқұттықтаулары ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде #Тәуелсізелгемыңалғыс, #Меналғысайтамын, #Тәуелсіздікке30жыл хэштегтерімен посттар жариялануда. Сондай-ақ, Алғыс айту күніне арналған мәдени-бұқаралық шаралар облыстың барлық аудандары мен елді мекендерінде өткізіледі, - деді.

Республика көлемінде бастау алған «Қайырымдылық істер марафонын» Сыр өңірі 1 наурыз күні бастап, жыл көлемінде қарқынды түрде жүзеге асырмақ. Брифинг аясында «Қоғамдық келісім КММ» директоры Бауыржан Мастеков ел дамуына үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеп, жалпыұлттық жобаның аймақта жүзеге асуына кең көлемде атсалысуға шақырды.

«Қазақстан кәрістер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Юрий Ким Алғыс айту күнінде қазақ халқына, қазақ еліне ризашылығын білдірді. «Мен Қызылордада дүниеге келдім және әрқашан өз елімде өзімді қажет сезіндім. Ең бастысы, бізді этникалық құрам бойынша емес, істеріміз, еткен еңбегіміз бойынша бағалады. Қазақ халқының дархандығы мен жылулығы үшін алғысымыз шексіз, - деді.

#ҚызылордаАссамблея