
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» мемориалды аллеясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер, еңбек жасақтарының сарбаздары және белсенді жастар қатысты.
Салтанатты жиында Руслан Мұхамедәліұлы қатысушыларды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, «Жасыл ел» жобасының қоғамдағы маңызы мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау, туған жердің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында өз ой-пікірлерімен бөлісті.
– «Жасыл ел» – бұл тек маусымдық жұмыс немесе уақытша еңбек алаңы ғана емес. Бұл – жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыратын маңызды қоғамдық бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы». Бүгінде «Жасыл ел» сарбаздары арнайы киімдермен, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуде. Бұл – жастардың қауіпсіз әрі нәтижелі еңбек етуіне жасалған нақты қолдау. Баршаңызды туған жеріміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге, табиғатты аялауға және қоғамдық тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырамын, – деді басқарма басшысы.
Шара барысында жастарға арнайы еңбек құралдары мен қажетті жабдықтар табысталды.
Сондай-ақ еңбек жасақтарының мүшелері «Қорқыт ата» мемориалды аллеясы аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру шараларына белсенді қатысты.
Іс-шара аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасына белсенді атсалысып жүрген бірқатар жастар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кету керек, «Жасыл ел» жобасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, оларды еңбекке баулу, туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында маңызды рөл атқарып келеді.
Бүгінде бұл бастама жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, ел дамуына үлес қосатын маңызды әлеуметтік жобаға айналды.
#ТазаҚазақстан
#ТазаҚызылорда
#ЖасылЕл