ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНДА ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНДА ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛДАРЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қызылорда облысынан өтетін магистральдық темір жол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 км.-ді құрайды және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қарасты 8 темір жол вокзалы (Қызылорда, Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл), сонымен қатар 2 қызмет көрсету пункты (Тереңөзек және Жалағаш) бар.
 
Айта кетейік, 2025 жылы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің айрықша қолдауымен республика көлемінде, соның ішінде облысымыздағы барлық темір жол вокзалдары мен вокзал маңы аумақтарында күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Аталған жұмыстар аясында жалпы саны республика бойынша 125 вокзалдың жөндеу жұмыстары бір мезгілде басталып, оларды бір жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
 
Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық аудандарда, сондай-ақ Төретам және Сексеуіл темір жол вокзалдарында күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл шаралар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жаңғырту және қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында іске асырылуда.
 
Жөндеу жұмыстары барысында вокзал ғимараттарының сыртқы және ішкі келбеті жаңартылып, күту залдары, билет сату орындары мен санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда. Сонымен қатар инженерлік желілер толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
 
Аталған жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін темір жол вокзалдарының қызмет көрсету сапасы артып, тұрғындар мен қонақтар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады деп күтілуде.