Жұмысшы мамандықтардың жылы: студенттердің тәжірибелік дағдыларын арттыруға бағытталған жаңа бастама

Жұмысшы мамандықтардың жылы: студенттердің тәжірибелік дағдыларын арттыруға бағытталған жаңа бастама

Елімізде жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылына орай, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби кадрлар даярлау ісі ерекше назарға алынуда. Осы бастаманың аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өндірістік тәжірибені күшейтіп, студенттердің кәсіби машықтарын нақты өндіріс орнында жетілдіруге мүмкіндік беретін түрлі шаралар ұйымдастыруда. Солардың бірі – ірі өнеркәсіп орындарымен әріптестік байланыстарды нығайту.
Осы мақсатта Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің «Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» мамандығының 4 курс студенттері ірі кәсіпорындарда тәжірибе алмасу мақсатында Шыны зауытына барды. Тәжірибе барысында студенттер шыны өндірісінің күрделі технологиялық үдерістерімен танысып, зауыттың жұмыс істеу принципін өз көздерімен көрді.
Шыны зауыты – заманауи өндіріс жабдықтарымен қамтамасыз етілген, халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Студенттерге өндірістің әр кезеңі – шикізатты дайындаудан бастап дайын өнімді қаптап шығару процесіне дейін жан-жақты түсіндірілді. Зауыт мамандары жас мамандарға қауіпсіздік талаптары, автоматтандыру жүйелері, сапаны бақылау әдістері және өндірістегі инновациялық технологиялар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Тәжірибе барысында жастар өз саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, болашақ мамандықтарына деген сенімдерін күшейтті. Олар теориялық білімнің нақты өндірісте қалай қолданылатынын көріп, кәсіби дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды.
Колледж басшылығы мен кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай тәжірибелер жұмысшы мамандықтың қадір-қасиетін арттыруға, студенттердің еңбекке деген ынтасын дамытуға және олардың болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, өндіріс орындары жас мамандарды ерте кезеңнен танып, өздеріне қажетті кадрларды алдын ала даярлауға мүдделі.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы бұл бастама жастарды нақты еңбек нарығына бағдарлауға, өндіріс саласының әлеуетін көрсетуге және жаңа буын кәсіби мамандарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Алдағы уақытта да осындай салалық тәжірибе бағдарламалары жалғасын табуы жоспарлануда.