Еңбекті дәріптеу елдікті нығайтады

Еңбекті дәріптеу елдікті нығайтады

Еңбекті дәріптеу елдікті нығайтады

 

Бағытымыз – батыс беткей. Мінгеніміз – жапондық көлік. Дұрысы, таң ата Сырдағы шеткі ауданға шыққанбыз. Облыс орталығынан 480 шақырымда жатқан Аралға баруымыздың мәні бар. Сапар мақсаты – ел ішіндегі «Жұмысшы мамандықтар жылындағы» жаңалыққа қанығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған атаулы жылдың осындағы игілігін көзбен көрмекпіз.

Алдымызда тізбектеле сырғыған үлкен жол көліктері болмаса, онша-мұнша көп кедергі жоқ. Дегенмен екі жолақты жолдың өз қиындығы бар. Басып озу қауіптірек. Әрі тісқаққан, кәнігі жүргізуші болмаса, қарсы беттен ызғыған үлкенді-кішілі автомашинаның қарасы мол. Шынымен Қызылорда мен Арал бағыты («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны) кеңісе, көп тіршілік мұнан да жанданар еді. Төрт жолақты жолға айналса, көлік тізбегі болмайтыны рас.

 

Заманға икемделген

«Болашақта бұл жол да талапқа сай келер» деген оймен Аралға да табан тіредік. Сағатқа шұқшисақ, 4 сағаттан әрі уақытты барар жолға арнаппыз.

Жеті орындықты жапондық көлік ен­тіге тоқтаған. Алғашқы көргеніміз – екі қабатты ғимарат. Мұнысы білім мекемесі екенін ауласына қарап аңғардық. Әрі дәл маңдайындағы «Арал индустриалды-техникалық колледжі» деген жазуы біздің тұспалымызды одан әрі нықтағандай.

– Ғасырға екі жылы кем колледж бұл. 1927 жылы негізі қаланған оқу орны, – деді өзін Рахым Айназаров деп таныстырған басшы. – Сол жылы балық аулау артелі болып құрылып, аралдықтардан балықшы бригадирлерін, ау құралдарын тоқитын мамандар дайындай бастайды. 10 жылдан соң «Юнга» мектебі болып қайта құрылып, теңізде балық аулауға арналған кіші қайықтарға матрос, мотористерді оқытады.

Бүгінде колледж құрылыс, автокөліктерді жөндеу, механикалық қызмет, токарь, слесарь, дәнекерлеу ісі, тігін, балық шаруашылығы және ақпараттық бағдарламалар мен есептеу техникалары мамандықтарын қамтып отыр.

Колледж директорының сөзінше, оқу орны әр жылдары сұранысқа сәйкес, түрлі мамандыққа тұрғындарды дайындаған. Теңіз тасып тұрған шақта қайық радистерін, балыққа қажет бөшке жасау мамандарын оқытыпты. Бертін келе ағаш, темір ұсталары да осында білім алыпты.

– 60-жылдардан кейін оқу орны №68 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі болып өзгерген. Сол уақытта балық өсіруші, өңдеуші, кеме жүргізуші, механик, электрмонтажшыларды даярлайды. Бұған қоса, токарь, тігінші, слесарь-жөндеуші, құры­лысшы мамандықтарын әзірлеген. Кейін теңіз бізден алыстады. Бұрынғы мамандықтарды оқыту тоқтады. Атауы да көп өзгерді. Заман талабына сай білім саласындағы оңтайландыру кезінде мұнда токарь, құрылысшы, газбен дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, электргазбен пісіруші, теңіз өнімдері мен балықтарды өңдеуші мамандықтарына үйретті. Бүгінде Арал индустриалды-техникалық колледжі деп аталатын оқу орны 8 мамандық, 11 біліктілік бойынша аралдық жастарды оқытып келеді, – дейді Р.Айназаров.

 

Жастар өз кәсібін ашуға ынталы

 

Қазір колледж басшылығы Арал ауданындағы 23 түрлі мекемемен арнайы келісімшартқа отырған. Онда бекітілгендей, студенттер өз мамандығымен тәжірибеден өтіп, қабілетін шыңдайды. Тіпті мұндағы түлектердің біразы «Аралтұз» кәсіпорны, «Арал құрылысы» ЖШС, «Agrofish 2020» балық өңдеу зауыты, «Қарашалаң балық» ЖШС, «Келжанова А», «Ай ару» тігін цехтарында және тағы басқа өндіріс орындарында тұрақты жұмыс істеп жүр. Жалпы былтыр бітірушілердің 78 пайызы өз мамандығымен нәпақа табуда.

 

– Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» біздің бітірушілердің жұмыспен қамту жағына басымдық берілуде. Мысалы, былтыр бітіргендердің көпшілігі аудандық мекемелердің сұранысымен жұмысқа тұрды. Ең жақсы жері – колледжде білім алған оқушыларымыз өз бизнесін ашуға қызығып келеді. Бизнес жобасын қорғап, қайтарымсыз грант ұтқандар да бар. Айталық, «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығын бітірген Айбек Оңғаров, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығымен Альбина Асанова, Айжамал Пірімбетова сияқты түлектер жеке кәсібін дамытуда, – дейді директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Ербол Ахметов.

 

Атакәсіп ұмытылмауы тиіс

Колледж қабырғасында «Балық өндірісі» мамандығы оқытылатынын айттық. Теңіз бұрынғыдай шалқымаса да, қазір ауданда атакәсіптен ажырамағандар көп. Демек, бұл мамандыққа сұраныс жетерлік. Аудандағы 10-ға жуық балық зауыты мен шағын өндірісті есепке алсақ, мұндай кәсіп иелері қолдан-қолға тимес.

Біз колледжден соң «Қарашалаң балық» серіктестігінің зауы­тын­да болғанбыз. Осында жұмыс­шылармен бірге «Балық өн­дірісі» мамандығын биыл тәмам­дайтындар да тәжірибеде жүр.

– Өз мамандығым қатты ұнайды. Мен колледжге оқуға келмес бұрын, Арал теңізі мен балықшылық кәсібі туралы көп оқыдым. Бұрынғы зауыттарда істеген ата-әжелердің еңбегі, атакәсіпті дамытқан сала ардагерлері жайында мағлұмат алдым. Біздің Арал десе, алдымен балық шаруашылығы еске түседі. Менің ойымша, бұрынғыдан келе жатқан кәсібіміз тоқтамауы керек. Ал осында келгелі теориялық оқу кезінде алған дәрістерді пысықтап жатырмыз. Тісті балығын бұзу, мұздату, балықтың жон етінен филе дайындау, қаптамаға орау, сорттау және таңбалау сияқты жұмыстарды үйрендік, – дейді 3-курс студенті Ақмар­жан Серікқызы.

«Балық өндірісі» мамандығының өндірістік оқыту шебері Данара Сисенованың сөзінше, бұл мамандықта оқитындар алдымен оқу орнында жүріп, балық түрлерін ыстау, тұздау, қақтау және аспаздық өңдеуден сабақ алады. Тіпті Арал қаласында балық консервілеу өндірісі болмаса да, оны да үйретіп отыр. Бұған арналған колледж ішінде арнайы шағын цех бар. Өйткені, бітіруші түлек басқа өңірге барып, мұндай өндіріс цехында жұмыс істеуі әбден мүмкін.

 

Көпсалалы колледжді көргенде…

Бұл – Арал қаласындағы екінші арнаулы оқу орны. Бұған да аялдадық. Жұмысшы мамандық өкілдерін көптен дайындайтынын бұрын сырттай білсек те, әрі қарай ойымызды тарата алмас едік. Мұны да бара көрдік.

Арал көпсалалы колледжі. 10 жылдан астам уақыттан бері осылай аталады. 11 мамандықпен аралдық ұл-қызды дайындайтын оқу орнының тарихы тың игеру жылдарымен тікелей байланысты. Әу баста ауыл шаруашылығына ден қойған білім орны 1959 жылы училище болып құрылған. Сол уақытта Арал жеріндегі Сульфат поселкесінде алғашқы шәкірттерін қабылдапты. Арал мен оның айналасы ғана емес, Ресейдің Чуваш, Башқұрт автономиялы республикаларынан жастар оқуға түскен көрінеді.

Қазір ол елді мекеннің ізі де жоқ. Бірақ алғашқы жылдары Аралдың мал шаруашылығына қажет тракторшы, кіші мал дәрігері, шопан-механизатор кадрларын дайындаған. Тіпті училищенің қазіргі Сексеуіл кенті, Абай, Тоқабай, Шижаға ауылдарында филиалы жұмыс істегенге ұқсайды.

– Училище 1973 жылы Арал қаласына көшірілген. Одан соң кәсіптік-техникалық лицейге айналды. 2014 жылдан бері колледж статусын алған мекемеде 2 оқу корпусы, 5 шеберхана, 4 зертхана, техникалық қызмет көрсету орталығы, гараждар бар. Бірнеше оқу кабинеті жасақталған. Медпункт, спорт залы, акт залы, тәрбие мен жастар орталығы, кітапхана жұмыс істеп тұр. 50 орындық жатақхана жеке кәсіпкердің қолдауымен берілді. Жалпы біз 450 мектеп түлегін қабылдай аламыз. Ал мамандықтың көпшілігі Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған жұмысшы мамандықтарға жатады. Санамаласақ, ауыл шаруашылығын механикаландыру, ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалану, автомобильге техникалық қызмет көрсету, ғимарат құрылысы, жеміс-көкөніс шаруашылығы, электр жабдықтары және қызмет көрсету сияқты бірнеше біліктілік бар. Дуалды оқытумен дәріс беру 46 пайызға жетті, – дейді колледж директоры Нұралы Әбішов.

Оның айтуынша, колледж бітірушілеріне сұраныс көп. Айталық өткен жылы мұнда 135 түлек диплом алса, оның 73 пайызы жұмысқа орналасқан. Екіншіден, барлық студенттің теориялық білімнен бөлек, өндірістік  тәжірибеден өту үшін екіжақты келісімшартпен негізгі әлеуметтік әріптестері жоқ емес. Олардың қатарында «Аралтұз» АҚ, «Арал құрылысы» серіктестігі, электр энергиясын тарату торабы, аудандық жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету  орталықтары бар.

Шыңдалған шәкірт – сұраныстағы маман

65 жыл тарихы бар колледжден көргеніміздей, мұндағы әр мамандыққа қатысты өз шеберханасы мен түрлі цехтары бар. Барлығы жұмыс істеп тұр. Студенттер жүргізіп үйренетін трактор мен ауыл шаруашылығы машиналарын да көзіміз шалып қалды. Ең жақсысы, техника саласындағы студенттер көлік жөндеп те, жүргізіп те үйреніп, артынша жүргізуші куәлігін алуға қажет сертификатқа да қол жеткізеді.

Сондай-ақ студенттер өз мамандығына орай байқауларға қатысып, топ жарып жүр. Мысалы, оқу орнының студенттері Дарханбек Жұманов пен Нұрдәулет Нұрбек әр жылдары өткен Worldskills Kazakhstan кәсіби чемпионатында жүлдемен оралыпты. Сондай-ақ оқу орнында төрт спорттық секция жүргізілсе, аудан көлемінде жүлде алып жүргендері де баршылық.

Мұндағы қызық мамандықтың бірі – «Жеміс-көкөніс шаруашылығы». Бұл кәсіпке кейінгі уақытта қызығушы көп көрінеді.

– Мұндай мамандықта оқытатын оқу орны облыс көлемінде көп емес. Ал топтағы білім алушы студенттер топырақты дайындау, өсімдікті өсіру жолдарын, егу, жемістерді сұрыптау көшетті дұрыс отырғызу сияқты жұмыстарды үйренеді. Бөлме гүлдерін егуден бөлек, көкөністерді қалай күтіп-баптауды игеруде. Бұған қоса, шұбалшаң құртын өсіріп, топырақ құнарын арттыру жағын да меңгереді. Колледж маңында шағын жылыжай бар. Қазір онда қияр мен қызанақ, баклажан мен бұрыш өсіп жатыр. Тіпті осы жылы піскен өнімді студенттер қыстық салат ретінде шыны ыдыстарға басып үлгерді. Болашақта біздің бітіруші түлектер көбіне жылыжай шаруашылығында, тұқымбақтарды, өсімдік зертханаларында жұмыс істейді, – дейді өндірістік оқыту шебері Дәметкен Мәмбетова.

Мұғалім сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялағанына қуанғанын жасырмады.

– Расымен, елдің бәрі құрылыс не басқа де техникалық мамандықтан сырттап кетті емес пе? Мемлекет басшысының бұл идеясы – көптеген елеусіз мамандық иелеріне үлкен демеу болғандай. Қазір газет-журнал, теледидардан бөлек, әлеуметтік желіде де осы жылдың насихаты өзімізге ұнап-ақ тұр. Бұрын еш жерде көрінбеген түрлі мамандық иелерін құрмет төріне шығару, олардың еңбегін дәріптеу дұрыс жолға қойылғандай. Енді бұл тоқтап қалмаса екен, – дейді ол.

Ал колледжді алдағы жылы бітіретін Көбейсін Сейітовтің мамандығы – электр жабдықтаушы. Көпшілік тілінде айтсақ, «монтер». Қазір Арал қаласындағы электр тарату торабында өндірістік тәжірибеден өтіп жүр.

– Мен үшін тәжірибеден өту өте маңызды. Іс жүзінде көп нәрсені үйренеміз. Қауіпті мамандық болған соң жетекшілеріміз бізді қатаң қадағалайды. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, электр жабдықтарымен жұмыс істеу оңай емес. Мамандығым ұнайтын болғандықтан әрі қоғамға өте қажет екендігін түсінгендіктен барлығын меңгеруге тырысып келемін. Кәсіпорында білікті маман өте көп. Олар біздей жас буынға үйретуден жалыққан емес, – деп ағынан жарылды ол.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған баспасөз турынан ұққанымыз көп, яғни қазір техникалық мамандық тұрақты табыс көзіне айналғандай. Ал біз білетіндей, ауыл шаруашылығымен қатар, құрылысы қарқынды Қызылорда өңіріне маман көптеп керек. Дұрысы, дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер, мехатроника мамандары, электрмонтерлер, бағдарламашылар, механиктер және құрылысшы-жобалаушыларды дайындау біз сөз еткен оқу орындарының  беделін арттырмаса, кеміте қоймас. Осы мақсатпен де Аралдағы қос колледж жастарға сапалы білім беріп, сенімді болашаққа жол ашып келеді.

 

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»