
Қызылорда қаласында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі бастама ел аумағын тұрмыстық қалдықтан тазарту, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыру және табиғатты аялауға үндеуді көздейді.
Акцияға мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен ерікті қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар қала көшелері, саябақтар, аллеялар, өзен жағалаулары және демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жиналған қалдықтар арнайы полигондарға жеткізіліп, экологиялық қауіпсіздік талаптары сақталды.
Іс-шараға «Қызылорда Тазалығы» ЖШС директоры Сапарғали Асильбеков қатысып, акцияның қоғам үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің артықшылықтары түсіндіріліп, экологиялық мәдениетті насихаттайтын ақпараттық материалдар таратылды.
Бүгінге дейін өңірде 420 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы және кәсіпорын қызметкерлері жұмылдырылып, 18 мың тоннадан аса қалдық шығарылды. Тазалық жұмыстары аясында 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени нысан, 1019 әлеуметтік мекеме, 3 548 кәсіпорын мен бизнес нысаны, 332 су айдыны және 39 894 көше бойы тазартылды. Акцияға 540-тан аса техника тартылды.
Жыл басынан бері аймақта табиғи жағдайға бейім 255 500 түп қарағаш, терек және Сыр талының көшеті отырғызылды.
#ТазаҚазақстан
#тұрақтыдаму
#экология
#TazaChallenge
#TazaQazaqstan