
2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жастардың еңбекке көзқарасын өзгертіп, техникалық және жұмысшы кәсіптердің мәртебесін көтеруді көздейді.
Осы бастама аясында Қызылорда қаласының оқушылары жиһаз өндіретін «Панабек» серіктестігіне барып, шынайы өндіріс процесін өз көзімен көрді. Бұл тәжірибе олар үшін жаңа әсер мен шабыт сыйлады.
Қызылорда өңірінде бүгінде жиһаз өндірісімен айналысатын 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Панабек» компаниясы сапалы өнімдері мен жауапкершілігі жоғары жұмысының арқасында аймақ тұрғындарының сеніміне ие болған.
Компания соңғы жылдары өндіріс қуатын арттырып, заманауи технологияларды енгізді. Өңірлік инвестициялық орталықтың қолдауымен 59 миллион теңге көлемінде қаржы алып, өндірісін толық автоматтандырды. Бүгінде мұнда жылына 35 мыңға жуық кеңсе, асхана және мектеп жиһаздары дайындалады.
Өнімдер нарықта жоғары сұранысқа ие. Биыл кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бес мектепті жаңа жиһазбен қамтамасыз етті.
Мұндай іс-шаралар — жастар үшін үлкен мүмкіндік. Олар тек өндіріс жұмысын көріп қана қоймай, өз болашағын да елестете алды.
Ең бастысы – бұл тәжірибе оларға еңбек адамының еңбегі мен кәсібінің құндылығын сезінуге жол ашты.
Еңбек – табыстың бастауы, ал жұмысшы мамандығы – ел дамуының тірегі.