ҚАЛАМЫЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАХМАТШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ ШАХМАТШЫЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

ҚАЛАМЫЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАХМАТШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ ШАХМАТШЫЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Қаламызда Халықаралық шахматшылар күніне орай ерекше форматтағы — «Отбасылық шахмат» турнирі ұйымдастырылды. Интеллектуалды спорт түрін дәріптеуді, сондай-ақ отбасы мүшелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен бұл сайыс қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Турнир Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі және Қазақстан шахмат федерациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен орталық алаңында өткізіліп отыр.  Ал жарысқа барлығы 30 команда қатысып, ереже бойынша жұпқа бөліп,, әр командада бала мен ата-анасы бірлесе ойнады. Турнир барысында қатысушылар тек негізгі жеңіс үшін ғана емес, «Үздік стиль», «Чемпиондар мен сеанс», «Отбасылық турнир» сынды арнайы номинациялар бойынша да өзара сайысқа түсті.

Жарыс барысынла көптеген командалар өздерінің тыңғылықты дайындықтарын, логикалық ойлау қабілеттерін және тактикалық шеберліктерін көрсете алды. Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелеген номинация иегерлері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Отбасылық шахмат» турнирі — тек спорттық шара ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Жарыс аясында ата-ана мен баланың бірлесіп әрекет етуі, ортақ мақсатқа жетуге деген ұмтылысы — қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісіне айналды.