«СЫР ТОЛҚЫНЫ» ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

«СЫР ТОЛҚЫНЫ» ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Аймақта екінші рет Ұлттық Домбыра күніне және атақты күйші Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Сыр толқыны» атты II республикалық күйшілер байқауы өтеді. Өнер додасына Ақтау, Орал, Алматы және Қызылорда қалаларынан талантты күйшілер қатысады. Байқау мақсаты - қазақтың күй өнерін насихаттап, ұлы күйшілердің мұрасын келер ұрпаққа жеткізу, жас орындаушыларға қолдау көрсету.

«Сыр толқыны» байқауы күй өнерінің дамуына серпін беріп қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да ықпал етеді деп айтуға толық негіз бар. Қатысушылар Мырза Тоқтаболатұлының және басқа да ұлы күйшілердің шығармаларын орындайды.Оларды елімізге белгілі күйшілер бағалайтын болады.

- Бұл байқаудың Қызылордада өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Сыр елі - терме мен күйдің, жыраулық өнердің қасиетті ордасы. Осы топырақта дүниеге келген күйші Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған бұл шараны Сыр елінде өткізу тарихи сабақтастықты жалғастыру, ұлттық өнерге деген шынайы құрметтің көрінісі. Байқау жас таланттарға шабыт беріп, күй өнерінің жаңа есімдерін танытатынына сенеміз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген домбырашыларға сәттілік тілеймін. Бұл өнер мерекесі баршамызға рухани қуат сыйлайды деп ойлаймын,- деді Талғат Бақытбекұлы.

- «Сыр толқыны» байқауының Қызылордада өтіп жатқанына ерекше қуаныштымын. Осындай тарихи жерде күй сайысының ұйымдастырылуы үлкен мәртебе. Біздің басты мақсатымыз - жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығына қолдау көрсету. Байқауға қатысып жатқан домбырашылардың бәрі де өнерге шынайы берілген, болашағынан зор үміт күттіретін орындаушылар. Осы жобаны ұйымдастыруға мұрындық болған облыстық филармония директоры Талғат Мақашевқа алғысымды білдіремін. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Күй күмбірі ешқашан үзілмесін,- деді Төлепберген Төреахметұлы.

- Шыны керек, соңғы жылдары Сыр елінде күй өнері кенжелеп қалғаны рас. Десе де, осындай ауқымды байқаулардың өтуі ұлттық мұрамызға серпін беріп, домбыра үнін қайта жаңғыртады деп сенеміз. Мен де осы байқауда қазылық ететін боламын. Қатысушылардың шеберліктерін, орындаушылық мәдениетін, шығармашылық көзқарасын әділ бағалауға тырысамыз. Жарыс оңайға соқпайтыны анық. Себебі әр өңірден келген домбырашылар мықты дайындықпен келген. Сәттілік болсын,- деді Мүсілім Балтабайұлы.

- Сыр елінің қонақжайлылығын бірден сезіндік. Байқаудың деңгейі жоғары, қатысушылардың барлығы да талантты, дайындықтары мықты. Әрине, жеңіс - мықтыныкі. Біз де барымызды салып, өз өнерімізді лайықты түрде көрсетеміз деп ниеттеніп отырмыз,- деді Айшолпан Қасымова.