Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – егемендіктің нышаны» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинарға Қызылорда қаласындағы мемлекеттік атқарушы органдар мен департаменттердің қызметкерлері, сондай-ақ облысқа қарасты аудан, басқарма, мекеме мамандары қатысты.
Шара «Рәміздер» алаңындағы танымдық экскурсиямен басталып, кейін Достық үйінің конференц залында оқыту форматында жалғасты. Семинарға қатысқан 55-тен аса мемлекеттік мекеме қызметкерлері рәміздерді дұрыс қолдану мен орналастыру тәртібі туралы кең көлемде ақпарат алды.
Семинар барысында елордадан арнайы шақырылған геральдика саласының сарапшысы, зерттеуші Айдын Рысбекұлы мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихы мен маңызын кеңінен баяндап, заңнама талаптарына сәйкес оларды пайдалану тәртібіне қатысты нақты түсіндірмелер берді. Сондай-ақ, сарапшы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастырудың тетіктеріне тоқталды.
Шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, мемлекеттік рәміздерді дәріптеу бағытында ортақ ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 56 ірі іс-шара ұйымдастырылып, оларға 10 мыңға жуық адам қатысқан. Сонымен қатар, осы шаралар аясында 2 мың дана Мемлекеттік Ту пайдаланылып, республикалық және жергілікті телеарналар арқылы 32 бейнематериал көрсетілген, 96 ақпараттық мақала жарияланған. Облыс көлемінде 16 көрнекі үгіт-насихат құралы орнатылып, елдігіміздің символдарын дәріптеу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.