Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.Мерекелік іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, игі бастамаларға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» - деген болатын. Былтыр өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды да жүзеге асырдық. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге "Үстел теннисі орталығын", «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі "Оқушылар сарайын" ел игілігіне табыстадық. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы», "Орталық стадион" салынуда. Жаңа нысандар биыл мамыр айында іске қосылады.
"Руханият орталығы – бірліктің ордасы» рухани қазынамызды толықтыратын, жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын орынға айналсын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныш құтты болсын!»,- деді Н.Нәлібаев.