Қызылорда қаласында 600 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті. Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған.
«Президентіміз «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген болатын.
Жаңа мектептердің ашылуы – бұл жай ғанағимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланып,оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін өткен жылдың қазан айында сол жағалаудан табыстадық.Осы айдың басында Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылында және Арал қаласында 300 орындық 2 жайлы мектеп ашылды. Бұл арқылы Жаңарық ауылындағы бейімделген ғимаратта орналасқан, Арал қаласындағы үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты.