Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға берілді. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын игі бастаманың іске асуымен құттықтады.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында Сыр өңірінің шежірелі мекені, топырағына құт дарыған, берекесі мен бірлігі жарасқан айдынды Арал ауданында Өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.
Бүгін Тоқабай елді мекенінде №248 орта мектептің жаңа ғимаратының ашылуына жиналдық. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейінгі салынған мектеп ғимаратының сапасы сын көтермей, апатты жағдайда деп танылды. Ауыл балалары уақытша әкімдік ғимаратында білім алып келді. Осы жағдайды ескеріп, өткен жылы демеушілік есебінен мектеп ғимаратын қайта салуды қолға алған болатынбыз. Алдымен негізгі оқу корпусының құрылысын аяқтап, балалардың жайлы жерде білім алуына жағдай жасадық. Бүгін құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берудеміз.
Жаңа оқу жылында шәкірттерге табыс, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға қуаныш тілеймін!», - деді Н. Нәлібаев.