Бүгін облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастырылуымен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаеваның және Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадырдың қатысуында басқарма қызметкерлеріне қаржылық сауаттылық, лудоманияның зардаптары, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер тақырыптарында арнайы дөңгелек үстел өткізілді.
Шарада мемлекеттік қызметшілердің негізгі құқықтары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты, әріптестерімен қарым-қатынас кезіндегі әдеп стандарттары, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жауаптылықтары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік тәртіпті қатаң сақтау, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдік-әдептілік нормаларын ұстану, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, шара барысында басқарма қызметкерлеріне қаржылық сауаттылықты арттыру, интернет-алаяқтық пен қаржылық пирамидалардың алдын алу, сондай-ақ қоғам үшін өзекті мәселе – лудоманияның зардаптары жөнінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева баяндама жасап, Департамент тарапынан арнайы дайындалған бейнероликтерді таныстырды.
Шараны қорытындылаған басқарма басшысы Бауыржан Шаменов ұжымға мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен белгіленген шектеулерді сақтау және сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екендігін түсіндіріп, алдағы уақытта да басқармада осы бағыттағы ауқымды профилактикалық шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.