Қазалы ауданында мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптары түсіндірілді

Қазалы ауданында мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптары түсіндірілді

Бүгін Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы мен Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұйымдастыруларымен Қазалы ауданында «Мемлекеттік сатып алудың бірқатар өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңеске облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының қызметкерлері, аудан әкімдігіне және аудандық білім бөліміне бағынысты мекемелердің басшылары мен мемлекеттік сатып алуларына жауапты мамандары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Ілкібаев және басқарманың бас маманы Мұратбек Құрақбаев өздерінің баяндамаларында мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдеріне, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік сатып алу заңдылығына енгізілген соңғы өзгерістерге тоқталып өтіп, семинарға қатысушыларға кеңінен ақпарат ұсынды.

Ал, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Cәдір Ержанұлы мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды алдын алу және басқа да өзекті мәселелер тақырыбында хабарлама жасап, тапсырыс берушілерге мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажет екендігіне тиісті түсіндірмелер берді.

Шара соңында семинар-кеңеске қатысушылардың көкейлерінде жүрген, жұмыс барысында кездесетін мәселелері мен ұсыныстары талқыланып, өзара пікір алмасулар жасалды.