Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдастырылуымен Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Нажмедденұлы мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаевтың қатысуында басқарма қызметкерлеріне «Әдеп кодексі нормаларын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мәселелері» және «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттері» тақырыбында арнайы жиын өткізілді.
Шарада Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларына тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мәселелерін және әсіресе құмар ойындарға қатысқан жағдайдағы жауапкершіліктерді ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында Омбудсмен өкілі, ҚР Конституциясында және Республика бекіткен Халықаралық шарттарда адам және азаматтарға кепілдік берілген іргелі құқықтарды, БҰҰ Бас Ассамблеясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері мен өкіл қызметінің негізгі міндеттерін басқарма қызметкерлеріне түсіндірді.
Шараны қорытындылаған басқарма басшысы Бауыржан Шаменов ұжымға мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен белгіленген шектеулерді сақтау және сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екендігін түсіндіріп, алдағы уақытта да басқармада осы бағыттағы ауқымды профилактикалық шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.