Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі
Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың (жұмыс беруші мен жұмыскердің) келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Жұмыс жылы-бұл жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілетін кезең, күнтізбелік жыл емес, жұмыс жылы ретінде жұмыскердің ұйымдағы бірінші күнінен бастап есептеледі және он екі айды құрайды.
Жалпы қағида бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы ҚР еңбек заңнамасында көзделген ұзақтықтың шегінде, бір мезгілде толық беріледі. Еңбек шарты тараптарына жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын бөліп беру мүмкіндігі көзделген. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын бөліп беруге бастамашы жұмыскер және жұмыс беруші де болуы мүмкін.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын бөліктерге бөлген кезде шектеулер белгіленген: демалыстың бір бөлігі кемінде күнтізбелік екі апта болуға тиіс.
Күнтізбелік апта дүйсенбіден жексенбіге дейін есептеледі (7 күн). Егер еңбек демалысы күнтізбелік 14 күн деп жоспарланса, онда еңбек демалысы кезеңіне демалыс күндері де кіреді, өйткені күнтізбелік деп жұмыс күні мен демалыс күні де есептеледі.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына ақы төлеу жұмыс берушінің міндеті болып табылады.
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жалпы, жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді.
Демалыс беру, ауыстыру не жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.