Қызылорда қаласында бақша дақылдарының көлемі артты

Қызылорда қаласында бақша дақылдарының көлемі артты

Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерге 8750 гектар ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Жалпы егістікті суарға 260 млн текше метр су бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов мәлімдеді.

Сонымен қатар, шаруалар суды аз қажет ететін және үнемдеу әдістерін қолдана отырып, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттырды.

«987 гектарға бақша және 1296 га жерге көкөніс дақылдары егілді. Сондай-ақ, 3850 га жерге күріш бастырылды. Бүгінде Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылдық округтеріндегі күріш егісіне 14,02 текше метр көлемінде су жіберіліп отыр. «Сол жаға» каналы арқылы Ақжармаға да су баруда. Ал Ақсуат ауылдық округіне 5,45 текше метр су жіберілуде», – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Су тапшылығының алдын алу үшін облыстық бюджеттен елді мекендерге 43 дана насос қондырғысын сатып алу және 8 каналға тазалау жұмыстары жүргізілуде.

«Жаппар» каналына су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстары басталатын болады. Бүгінде Қосшыңырауға 2 дана, Қызылжарма ауылдық округіне 1 дана, Белкөлге 1 дана, Қарауылтөбеге 1 дана дизельді насос қондырғысы алынып, жеткізілді. Биыл Қызылорда су торабына республикалық бюджет есебінен 1,121 млдр. тенге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жалғасуда», – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова.