«Кедергісіз келешек»: Қызылордада мониторинг жүргізіліп жатыр

«Кедергісіз келешек»: Қызылордада мониторинг жүргізіліп жатыр

Kyzylorda-news.kz. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін арттыру – мемлекет алға қойған маңызы зор мақсаттардың бірі. Осы орайда олардың жүріп-тұруына, қоғамның тең мүшесі ретінде қалаған жеріне қиындықсыз жетуіне тиісті жағдай жасалуы – «Nur Otan» партиясының жіті бақылауында.
Қызылорда облыстық партия филиалы осы бағыттағы кешенді іс-шаралар жоспарына 7 – 26 ақпан аралығын әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жүргізу айлығы етіп енгізіп, тиісті жұмыстарды бастап кетті.
Құрамында мүгедектер қоғамдық ұйымдарының өкілдері, түрлі жауапты мекемелер, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінен жасақталған облыстық партия филиалы жанындағы мониторингтік топ партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бүгін шаһардағы азаматтар көп шоғыралатын бірқатар әлеуметтік нысандарға бақылау жұмыстарын жүргізді. Яғни, «Энергосервис» ЖШС, «Халық» банкінің филиалы, №3 «Халыққа қызмет көрсету орталығы» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Отбасы банкі») ғимараттарында болып, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуін қадағалады.
Қуанатын тұста және кемшіліктерде кездесті. Бірінде пандусы сәйкес келмесе, екіншісінде автотұрағы дұрыс емес болып жатты. Мониторинг соңында кемшіліктер айтылып, оны алдағы уақытта түзеу керектігі ескертілді.
Айта кету керек, осы мониторинг жүргізу айлығы аясында облыс бойынша 300 ден аса әлеуметтік орындарды аралау жоспарлануда. Бүгінгі таңда олардың 60-қа жуығына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Айлық қорытындысы облыстық партиялық бақылау комиссиясы отырысында қаралып, қорытындыланатын болады.