«Қызылорда - қауіпсіз қала» кешенді бағдарламасы бойынша жұмыстар жалғасуда

«Қызылорда - қауіпсіз қала» кешенді бағдарламасы бойынша жұмыстар жалғасуда

Қала аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» консепциясы бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасының ұсыныстарына байланысты бірнеше кешенді іс-шаралар атқарылды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кешенді жұмыстардың нәтижесінде қала көлеміндегі жол-көлік оқиғаларының саны біршама төмендеді. Атап өтсек, 2020 жылы орын алған жол-көлік оқиғалары өткен 2019 жылдың 12 айымен салыстырғанда 12 пайызға (322-ден 284-ке) төмендеген.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары 2020 жылы 19 пайызға (88-ден 71-ге) төмендеген.
Кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен 2020 жылы жол көлік оқиғасы 32 пайызға (72-ден 49-ға) төмендеген.
Сонымен қатар, құзырлы органдарымен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде жалпы қала мен облыс орталығына қарасты елді мекендердегі қылмыстардың төмендеу динамикасын байқауға болады. Нақтырақ айтқанда, тіркелген қылмыстардың саны 2019 жылы 17 пайызға (4835-тен 4007-ге) азайса, 2020 жылы өткен жылғы 12 аймен салыстырғанда 39 пайызға (4007-ден 2441-ге) төмендеген.
Қылмыстарды саралайтын болсақ, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 2019 жылы 12 пайызға (1407-ден 1234-ке),
2020 жылы 42 пайызға (1234-тен 714-ке) төмендеген.
Көшеде жасалған қылмыстар 2019 жылы 23,5 пайызға
(793-тен 607-ге), 2020 жылы 30,5 пайызға (607-ден 422-ге) төмендеген.
Топпен жасалған қылмыстар 2019 жылы 27 пайызға
(196-дан 143-ке), 2020 жылы 14,5 пайыз (143-тен 122-ге) төмендеген.
Жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 2019 жылы 3 пайызға (62-ден 60-қа), 2020 жылы 40 пайызға (60-тан 36-ға) төмендеген.
Айта кету керек, қылмыстық әрекеттер мен құқық бұзушылықтың тіркелуінің төмендеуіне құқық қорғау орындары тарапынан кешенді профилактикалық іс-шаралардың атқарылуымен қатар, қаладағы соңғы жылдардағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған нәтижелі жұмыстар да өз септігін тигізіп отырғаны анық. Атап айтқанда, тек өткен 2020 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 408 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпір мен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолын жалғайтын ұзындығы 5 шақырымға созылған жол құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған магистральді автодәлізбен қосуға «Шіркейлі» каналы арқылы өтетін көпір салынып, қазіргі таңда ел игілігіне қызмет жасауда. 2020 жылы қала аумағында 102 шақырымды құрайтын
68 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары салынды.
Сонымен қатар, жасөспірімдер мен балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында салынып, пайдалануға беріліп жатқан спорт кешендері мен көпқабатты үйлер ауласындағы спорт алаңдарының пайдасы зор. Ол өз кезегінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың азаюына өз септігін тигізуде. Бұл бағытта 2020 жылы көппәтерлі тұрғын үй аулаларында 3 стритбол, 30 ойын алаңдары пайдалануға беріліп, 15-і салынуда.
Қала тұрғындарының қауіпсіз және жайлы ортада өмір сүруіне бағытталған кешенді іс-шаралар өз жалғасын таба беретін болады.
Қызылорда қаласы әкімінің
кеңесшісі Ә.Б.Шаймағамбетов