Қызылордада жаңа әуежай салынбайды

Қызылордада жаңа әуежай салынбайды

Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова аймақта жаңа әуежай салу жобасынан бас тартылғаны, оның орнынан «Қорқыт ата» әуежайы қайта жаңғыртылатынын айтты.
«Қалаға келген қонақтар, ең алдымен, әуежайды көреді. Бұл мәселе бойынша біз белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ірі жоба болды, бірақ ол өте қымбат – 18 миллиард теңге. Биылғы дағдарыс кезеңінде біз одан бас тарттық. Бізге жақын Түркістан қаласында үлкен әуежай салынғанын білесіздер. Байқоңырда да әуе айлағы бар. Осыны ескеріп, біз қазіргі әуежайды кеңейтіп, қайта жаңғыртуды ұйғардық. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Құжат келесі жылы дайын болады. Құны – шамамен 1,5 миллиард теңге», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске сала кетейік, биыл ақпан айында Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылордада жаңа әуежай салуға қатысты келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеген еді.