Облыс әкімінің мәжілісінде көтерілген туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселесі бойынша шаһар басшысы Нұржан Ахатов жиын өткізіп, тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
- Қаламызға туристік бағытта өзге өңірлердің қызығушылығын арттыру үшін халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, жергілікті өнімдердің ассортиментін ұсыну, тарихи орындарға турлар жасау бойынша нақты шаралар қабылдау керек.
Сондай-ақ, интернет кеңістігіне шаһардың тарихи деректерін, көрікті жерлердің жаңартылған фотоларын, бейнероликтерін енгізу қажет. Бұл да туризмді цифрландырудың қадамы, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Мәжілісте туристердің қонақ үйлерге booking порталы арқылы алдын ала тапсырыс беруін оңтайландыру да айтылып, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова және «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаевпен кездесті.
Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі 30 жылдығы аясында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз болды.
Қызылорда облысында білім, ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндірісте еңбек ететін, мемлекеттік жастар саясатының дамуына өзіндік үлесін қосқандарға облыс әкімінің «Сыр үміті» сыйлығы жыл сайын табысталып келеді. Баспанаға мұқтаждық мәселесін шешу үшін «Сыр жастары» бағдарламасы қолға алынды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді.
«Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамтуға бағытталған, өңірлік тың жоба, аймақ жастарын қолдау мен қамқорлықтың жарқын үлгісі.
Аудан орталықтарының барлығында типтік үлгідегі «Руханият орталықтары» бой көтерді. Бұл ғимаратта ардагерлер, аналар кеңесі, архив, музей, жастар орталықтарымен бірге Ассамблея мүшелеріне де «Қоғамдық келісім» кабинеті қарастырылған. Онда жергілікті этномәдени бірлестіктер бас қосады. Облыстық этномәдени бірлестіктер «Достық үйінде», ал аудандарда «Руханият орталықтарында» белсенді жұмыс жасап, этносаралық қатынастың нығаюына септігін тигізе бермек. Биыл Қызылорда қаласындағы Бейбарыс сұлтан көшесінің бойынан жаңа үлгідегі «Достық үйінің» құрылысы басталды. Ғимарат жыл соңында ел игілігіне беріледі.
Нурия Ниязова мен Тимур Жұмырбаев Сыр елінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, осы істердің барлығы жастардың, этнос өкілдерінің, жалпы тұрғындар арасындағы татулықты, келісімді одан әрі нығайтатынын айтты.
Қызылордадағы «Достық үйінде» «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық Ассамблея жастары форумының пленарлық отырысы өтті. Форумға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жастар жанашырлары Нұрия Ниязова, Ғылым және білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, барлық өңірден келген Ассамблея жастарының көшбасшылары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форум қатысушыларын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, басқосу жұмысына сәттілік тіледі.
«Баршаңызды бірліктің ұйытқысы болып, еліміздегі этносаралық достық пен толеранттылықтың үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін өздеріңізбен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр елі – достық мекені» атты форумда жүздескеніме қуаныштымын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет», – деген болатын.
Сыр өңірінде әр салада, атап айтқанда, білім, ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндірісте табысты еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге жеткен жастарға жыл сайын «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығы табысталып келеді. Баспана мәселесін шешу үшін 2023 жылдан бері «Сыр жастары» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы жүзеге асуда. Оған жыл сайын жергілікті бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді.
Ассамблеяның мерейлі жылы аясындағы қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынуда. Бұл бірлік пен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктерге арналған, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи ғимарат болады. Тағы бір ерекше жаңалығымыз, алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» ашылады», – деді Н.Нәлібаев.
Жиынға қатысушылар Нұрия Исмагилқызы, Ақерке Абылайханқызы және Тимур Ғабдулұлының атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге арналған баяндамаларын тыңдады.
Ертең қонақтар Байқоңыр ғарыш айлағына экскурсияға барып, зымыран ұшырылымын тамашалайды. Байқоңыр музейінде ғарыш саласының даму кезеңдерімен, еліміздің ғарыштық жетістіктерімен, тұңғыш ғарыш айлағының тарихымен танысады. Қазақстан Халқы Ассамблеясының және Ассамблея жастарының тулары ғарышқа жіберу үшін ресми тапсырылады. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық эмблемасы бейнеленген ту ғарышқа алғаш рет көтеріледі.
Қала әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы кезек реттілігіне сәйкес, жүйелі түрде өткізілуде. Бүгін шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың жұмыс кестесіндегі қабылдауына 30-ға жуық тұрғын келді.
Қабылдауда тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру, жол және жарық жүргізу, әлеуметтік көмектер бойынша өтініштер қаралды. Мәселелерге сала басшыларының талқылауымен заң аясында жауаптар берілді. Хаттамаға енгізілген сауалдардың бірқатары жедел шешімін тапса, кейбірі уақыт талабын қажет етуде.
Қызылорда қаласында жылу беру маусымы 7 сәуір күні аяқталады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай баяндады.
- Қызылордада күнтізбелік бес күн ішінде гирдрометеорологиялық қызмет тіркеген сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10⁰ С және одан жоғары болған жағдайда қала әкімінің шешімімен жылу беру маусымы аяқталады. Биыл ол 7 сәуірге жоспарланып отыр, - деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Қаланың жылу жүйелеріне жоғарғы қысымды сынақтар 7 сәуір-7 мамыр аралығында жүргізіледі.
- «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-дағы жылу көздерінің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде. Яғни КОГТЭС-тегі №1,2,3 газотурбиналық қондырғы мен су қазандығы, ЖЭО-ның №6 бу қазандығы, турбогенератор №3, Оңтүстік қазандығы бойынша №3,6,7 бу қазандықтары, мөлтек аудандарда орналасқан 20 дана Автономды блок модульді қазандықтың 17-сі жұмыстарын атқаруда. Кәсіпорын тарапынан барлық қала тұрғындарына жылу энергиясы сапалы әрі тұрақты беріліп келеді, - деді «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің бөлім басшысы Хасанғали Иманғалиев.
Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша жылу желілерінің ұзындығы – 199, 05 шақырымды құрайды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 646 нысан қосылған. Биыл 6 жоба бойынша 8,7 шақырымды құрайтын магистралды және квартаралық жылу желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Аймақ басшысы бизнесті қорғау, инвесторлар мүддесін сақтау, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы мәселелерге тоқталды.
«Өткен жылы өңірімізде 37 млрд. теңгенің 21 жобасы іске қосылды. Маңызды әрі ірі жобаның бірі ретінде құны 20 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалын атап өтуіміз қажет. Қазіргі таңда әуежайдың қызмет көрсету салаларын дамыту, сенімгерлік басқаруға беру үшін вьетнамдық «Совико Групп» компаниясымен келіссөз жүргізілуде.
Одан бөлек, шыны зауытының ішінен 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны шығару желісі, тамақ өнеркәсібінде 5 жоба, логистика саласында 1 жоба қосылды.
Бұл жобалар құрылысынан бастап іске қосылғанға дейін «қолмен басқару» режимінде сүйемелденді, туындаған мәселелері дер кезінде шешілді.
Республикалық инвестициялар тарту кеңесінде цемент зауытының санитариялық-қорғаныш аймағы, салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының қосылған құн салығы, шыны зауытының тауарлық газ бағасын төмендету мәселелері шешімін тапты.
Өңірімізге инвестиция тарту мақсатында Корея, Италия, Испания, Қытай елдеріне жасаған жұмыс сапарларымыз алғашқы жемісін беруде.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Кореяның СеулТех университетінің еліміздегі алғашқы Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
Наурыздың 12-сінде Астана қаласында Үкімет басшысы Олжас Абайұлымен бірге испаниялық «Roca Group» компаниясының басшылығымен кездесіп, алдағы жоспарларды талқыладық. Испандық инвестормен санитарлық бұйымдар өндіру зауытын салу жобасы пысықталуда.
Қытай Халық Республикаcымен 10 млрд. 800 млн. теңгенің 9 келісіміне қол қойылды. Алдағы уақытта келісімдердің нәтижесі көріне бастайды.
Президентіміздің Катар еліне жасалған жұмыс сапары аясында өңірімізде 800 млрд. теңгеге қуаттылығы 1 100 МВт-ты құрайтын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жобаны орналастыру үшін 280 гектар жер телімі резервке алынды. Оның 100 гектарына газ-электр станциясы салынады, қалған аумақ перспективалық жобаларды жүзеге асыру үшін белгіленген.
Инвестициялық жобалардың мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыратын өңірлік штаб менің төрағалыммен тұрақты жұмыс жасауда.
Одан бөлек, Өңірлік үйлестіру кеңесінде жер телімдері мен инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жеткізуге қатысты шешімдер қабылданды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, аймақтағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, олардың мәселелерін шешуді, шағын және орта кәсіпкерлік үшін бизнес-ахуалды жақсартуды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыратын боламыз», – деді Н.Нәлібаев.
Соңғы 3 жылда кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін (2022-2024 жж.) 16 700 жобаға әртүрлі қаржы көздерінен 206 млрд. теңге тартылды. Оның 40 млрд. 931 млн теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапты. Биыл 29 млрд. теңгеге кәсіпкерліктің 4 800 жобасы қаржыландырылды. Бұл кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 21%-ға жеткізеді (2021 ж. – 18,3%, 2022 ж. – 19,1%, 2023 ж. – 19,9%, 2024 ж 9 ай – 20,5%).
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 748 жоба жүзеге асты, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарлама аясында 815 жоба көзделуде.
Агробизнес өкілдері шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берген. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз етуде.
Жиын соңында туындаған мәселелер талқыланып, кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салды.
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру, Үкімет қаулыларының жобалары қаралды.
Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Мемлекеттік қызмет көрсетуде заң бұзушылықтың алдын алып, бақылауды күшейтіңіздер. Қызмет көрсетуші мекемелерге нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын жүйелі түрде түсіндіріңіздер. Барлық мемлекеттік органда мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін үйлестіріңіздер.
Алдымызда өте жауапты су қабылдау кезеңі тұр. Өңірдегі су шаруашылығы нысандары науқанға толық дайын болуы тиіс. Су шаруашылығы мекемелерінің басшылары, Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен бірлесіп, 10 күн ішінде су нысандарының дайындығын, канал тазалау жұмыстарын зерделеп, нәтижесін баяндаңыздар. Су шаруашылығының жағдайын, егіс пен экологиялық мұқтаждыққа қажетті су көлемінің тиісті деңгейде бөлінуін қатаң бақылауға алыңыздар.
Биылғы оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалды. Маусымның бірінші күнінен жазғы тынығу лагерьлері жұмысын бастайды. Каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және қосымша білім алуын ұйымдастыру өте маңызды. Білім басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілер есебінен балаларымыздың өзге өңірлерде де тынығуын үйлестіріңіздер»,– деді Н.Нәлібаев.
Өңірде мемлекеттік мекемелер 184 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуды арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарда, білім беру ұйымдарында, емханалар мен ауруханаларда 960 өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылып, жұмыс жасауда.
Өткен жылы 5 563 096 мемлекеттік қызметтің 98,6%-ы электрондық үкімет веб-порталы мен ақпараттық жүйелер арқылы көрсетілді.
Бұдан бөлек, өңір тұрғындарын мемлекеттік қызметтерді онлайн алу дағдыларына үйрету арқылы цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Жол картасы бекітілді. Тұрғындар арасында, студенттерге, жоғары сынып оқушыларына электронды қызметтерді алуды оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысын тексерді.
Алдымен «Қызылорда Арена» көпфункционалды кешенін салу белгіленген жерге барып, дайындық жұмыстарын көрді.
Төрт қабатты ғимарат Бейбарыс сұлтан көшесіне орналасады деп жоспарлануда. Спорт нысанында әмбебап және шағын спорт залдары, бассейн, тренажер, сондай-ақ төрешілер, жаттықтырушыларға арналған киім ауыстыратын, тағы басқа қосалқы бөлмелер, душ, конференц-зал болады. Еркін және классикалық күрес, бокс, теннис, таэквандо, самбо мен дзю-доға арналған залдар қарастырылған.
"Қызылорда-Арена" оқу-жаттығуға, жарыстар өткізуге мамандандырылған кешен болады деп күтілуде.
Аймақ басшысы құрылыс барысында сапаға баса мән беруді, бекітілген мерзімде бастап, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Одан кейін Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын қайта жаңғырту барысын көріп шықты.
Өткен жылдан бері осы даңғылдың Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныш бөгеті нығайтылып, 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылуда.
Мердігер «УАД» ЖШС бұған дейін 1,2 шақырым кеңейтілетін аумаққа жол салып, асфальт төседі. Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгеті тазаланып, 2,6 шақырымға жуық дамба нығайтылды, 1,4 шақырым тіреу қабырға, 820 метр жиек тұрғызылды.
Даңғылдың жалғасы ретінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі қорғаныс бөгетін нығайту мен 2,9 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған.
Облыс әкімі жолды сапалы салып, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев терроризмге қарсы орталық пен облыстық комиссияның хаттамалық шешімдерінің, ақпараттық қажеттілік тізбесінің орындалуы туралы баяндады. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Дінмұхамед Ермеков тәуекел топтармен жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Этносаралық қарым-қатынастар мен этностар арасындағы қақтығыстардың алдын алуда атқарылған жұмыстарды облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов айтты.
Жиында облыс әкімі көтерілген мәселелерге қатысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді. Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы терроризмге қарсы орталық пен облыстық комиссияның хаттамалық шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауға алып, шараларды толық әрі сапалы жүзеге асыруы тиіс. Профилактикалық шаралардың сапасын арттыруда Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, жауапты мемлекеттік органдар әдістемелік көмек көрсетуі керек. Облыстық дін істері басқармасына тәуекел топтармен жүргізілетін профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру үшін ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын жетілдіру жүктелді.
Аймақ басшысы этносаралық қарым-қатынас ерекше бақылауды қажет ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының көмегімен этнос өкілдері көп шоғырланған жерлердегі профилактикалық және мәдени-көпшілік іс-шараларға оларды кеңінен тарту, этносаралық достық пен татулықты насихаттау әрдайым назарда болуы керек.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен республикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде жаңа энергетикалық қуат көздерін ұлғайту, батыс өңірінің желілерін бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу, оңтүстік өңір желілерінің қуатын күшейту, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 137 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, жұмыстың 70 пайызы аяқталды.
Жаңа станция облыстың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. Биыл 4 тоқсанда аймақ үшін ерекше маңызы бар нысан ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа орталыққа бюджет есебінен 15 млрд. теңгеге газ құбыры тартылды.
Президент тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Катар еліне іссапар кезінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу-газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағынан берілген 280 гектар жерге салынады. Аталған мегажобаны 2028 жылы толығымен іске қосу жоспарланған.
Қазіргі таңда техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» 500 киловольттық жоғары қуатты электр желісі тартылады.
Аймақта 10 мыңнан аса шақырым электр желісі мен 2 000 аса қосалқы станция бар.Олардың тозу деңгейі 62% құрайды. Энергия үнемдеудің жаңа технологияларын қолданып, тозған желілерді азайту үшін өткен жылы 741 шақырым электр желісі мен 127 қосалқы станция жаңғыртылды. Биыл 15 млрд. теңгеге 3 ірі қосалқы станция, 314 шақырым әуе желісі және 127 қосалқы станцияны қайта жаңғыру қолға алынбақ.