Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру шарттары

Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру шарттары

Бизнес-идеялардың іске асыруға мемлекеттік гранттар беру - министрліктердің бірлескен бұйрығымен бекітілгенМемлекеттік қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асыратын экономика салаларын мемлекеттік қаржылық қолдау қағидаларыменрегламенттеледі.

Бизнес-идея деп – тауарларды шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастаманы айтады.

Берілетін гранттың максималды сомасы – 5 млн. теңгені құрайды.

Бизнес-жобаны іске асыру мерзімі -  18 айдан аспайды.

Мемлекеттік гранттар – кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары негізінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен беріледі.

Яғни, Басқарма осы мемлекеттік қолдау шарасының жергілікті жердегі үйлестіруші органы болып табылады.

Конкурстық іріктеуге–әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.

* әлеуметтік кәсіпкерлер деп - ҚР Ұлттық экономика министрлігінің
17.07.2023 жылғы №140 бұйрығына сәйкес Тізілімге енген субъектілерді айтады.

Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкерге қойылған міндетті шарт:

  • Жобаны іске асыруға арналған шығыстарды, грант көлемінің кемінде 20%-ы мөлшерінде қоса қаржыландыру (жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен/ақшалай қаражатпен);
  • Жаңа жұмыс орындарын құруы;
  • Бизнес-жобада инфрақұрылымның немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы тиіс.

Грант қаражаты ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ:

1) тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу/жаңғырту/реконструкциялау/ күрделі жөндеу), шикізат пен материалдарды сатып алу;

2) материалдық емес активтерді сатып алу;

3) технологияны сатып алу;

4) кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;

5) зерттеу жұмыстарына / жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар.

Мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Грант қаражатын ПАЙДАЛАНУҒА БОЛМАЙДЫ:

1) жылжымайтын мүлікті / жер учаскесін сатып алуға;

2) жалдау ақысының төлемі ретінде;

3) негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға), үлестес/байланысты компаниялардан/ тұлғалардан / кәсіпкердің жақын туыстарынан ("Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексіне сәйкес айқындалған);

4) пайдалануда болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға;

5) жеңіл автокөлікті сатып алуға (шанағы (кузов) немесе кабинадан оқшауланған жүк платформасы бар жүктерді тасымалдауға арналған автокөлікті, сондай-ақ отандық өндірушілердің жеңіл автомобильдері мен жеңіл автокөлік құралдарын жалға алуға және уақытша алуға байланысты жобаларды қоспағанда);

6) ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі/ұсақ қара малды, құсты, бал арасын, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы жануарларын) (өңдеуші өнеркәсіпке жататын тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі жобаларды қоспағанда) сатып алуға.

 

ЕСКЕРТПЕ:

* негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алу тиісті құжаттармен (жабдыққа шарт/келісімшарт/паспорт/сапа сертификаты) расталуға тиіс;

* Кәсіпкердің грант қаражатын игеруі кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүзеге асырылады (пайдалануда болған автокөлікті жеке тұлғадан сатып алуға жол беріледі).

ГранттарБЕРІЛМЕЙДІ:

1) қайта ұйымдастыру, тарату, банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған;

2) салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;

3) қызметінің негізгі түрі – жылжымайтын мүлікті жалға беруболып табылатын;

4) грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде қоса қаржыландыруды растамаған;

5) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміндегі;

6) конкурсқа қатысушының кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар;

7) Мемлекеттік гранттар беру қағидалары шеңберінде мемлекеттік гранттар беру бойынша қолдау алғандарға (оның ішінде бұрын қолданыста болған бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының қолданылу кезеңінде);

8) конкурс өткізілетін өңірге сәйкес келмейтін басқа өңірде тіркелгендерге және бизнес-жобаны іске асыруды жоспарлап отырғандарға берілмейді.

* * * * *

Конкурстық комиссиямен жобаларды қарау

Конкурсты өткізу үшін облыс әкімінің шешімімен конкурстық комиссия құрылады және оның құрамы бекітіледі.

Конкурстық комиссия жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдерінен, салалық сарапшылардан, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарынан кемінде 7 (жеті) адамнан құралады.

Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қарау кезінде мынадай өлшемшарттар негізінде (оның ішінде 5-қосымшада көрсетілген жобаны бағалау өлшемшарттарын басшылыққа ала отырып)грант беру мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды:

1) бизнес-идеялардың әлеуметтік бағдарлану дәрежесі/"Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының өңірлік өнімінің рейтингі;

2) бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық қажеттілікті пысықтау – маркетингтік талдау);

3) бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге дайындығы (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, өндірісті іске қосу үшін жобаның әзірлік деңгейі).

Бизнес-идеялардың әлеуметтік бағдарлану дәрежелігі өлшемшартына – жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін, кірістерді арттыруға бағытталған және халықтың әлеуметтік осал топтарына өзге де шаралар көрсететін, инклюзия, экологиялылық, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды, жаңа немесе жетілдірілген технологияларды қолдануды көздейтін әлеуметтік қолдау саласындағы жобалар жатады.

Конкурстық комиссия мүшесі өлшемшарттарға сәйкес кәсіпкердің бір жобасы бойынша беретін ең жоғары балл – 70 баллды құрайды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша конкурстық комиссия мүшелері қойған балдар саны жинақталады және конкурстық комиссияның қорытынды шешімі айқындалады.

Кәсіпкерлерді іріктеу кезінде конкурстық комиссия мүшелерінің дербес дауыс беруі жөніндегі ақпарат жария етуге жатпайды.

Жобаны қарау мерзімі – 5 жұмыс күні.

Хаттаманың қолданылу мерзімі – 9 ай.

* * * * *

Өтінімдерді беру тәртібі

Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер бір өтінім ғана беруге құқылы. Өтінімдер конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде қабылданады. Өтінімдерді қабылдау кәсіпкердің тіркелген жері (заңды мекенжайы) бойынша жүзеге асырылады.

Өтінімді қарау мына шарттар сақталған жағдайда беріледі:

1) өтінімді kezekte.kzақпараттық жүйесінде тіркеу;

2) kezekte.kzақпараттық жүйесінде жеке шотының болуы.

3)бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоғы туралы мәліметтерді растау;

4) бизнес-жобаға қатысатын жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруды растау мақсатында – субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен және мемлекеттік деректер базасымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған кәсіпкердің жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығындағы жер учаскесінің (учаскелерінің) немесе өзге де жылжымайтын мүліктің болуы "Жылжымайтын мүлік тізілімі";

5) бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы мүлікті қоса қаржыландыруды растау мақсатында – кәсіпкерде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің ауыл шаруашылығы техникасының мемлекеттік тізілімімен және (немесе) "Автомобиль" дерекқорымен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы расталған жылжымалы мүліктің болуы.

Өтінімге pdf форматындағы құжаттардың келесі сканерленген көшірмелерін тіркейді:

1) басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса);

2) "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 3 (үш) жылдан аспайтын құжаттың көшірмесі;

3) кемінде 20 % мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландыруды растайтын құжаттар;

4) Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі немесе "Бір ауыл-бір өнім" бағдарламасының финалисті болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде кәсіпкердің мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.