Қазалыда Семей полигонының жабылғанына 32 жыл толуына орай Жеңіс саябағындағы «Тағзым» алаңында ардагерлерді еске алу шарасы өтті.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, бұл күннің адамзат тарихындағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына шынайы алғысын білдірді.
Жиында ядролық қару сияқты алапат күштің зардабын көріп дүниеден өткен арда азаматтардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар жиынға қатысушылар ядролық жарылыс салдарын жоюға қатысқан ардагерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды.
Айта кетейік, осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен бүкіл әлемге белгілі Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл адамзат тарихындағы аса маңызды тарихи оқиға ретінде қабылданды. 2009 жылы 30 қазанда еліміздің тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың Халықаралық күні деп жариялауды ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, содан бері бұл күн – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде аталып өтіліп келеді.