Қазалыда дариядағы су деңгейі бақылауда

Қазалыда дариядағы су деңгейі бақылауда

Бүгін көктем кезіндегі су тасқынына дайындығын тексеру мақсатында құрылған жұмысшы топ Қазалы ауданында болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Б.Әбдіқадіров бастаған жұмысшы топ көктемгі су тасқыны кезінде тасқын қаупі жоғары учаскелерге талдау жасады.

Алдымен Басықара ауылдық округіндегі «Ә.Тыныбаев» атындағы Қазалы су торабының су тасқынына қарсы шаралар дайындығымен танысты. Сонымен қатар, Шитүбек елді мекені мен Абай ауылының тұсындағы қорғаныс бөгеттерінің жай-күйін бақылады.

Сырдария өзенінің 191 шақырымы Қазалы ауданының территориясынан өтеді. Оның 140 шақырымында қорғаныс бөгеттері орналасқан. Бүгінде елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Дариядағы су деңгейі қалыпты.

Тұрғындарды көшіруге 5 эвакуациялық жинақтау, 6 қабылдау пункті әзірленген. Құтқару жұмыстарына 60 арнайы техника дайын.

Жұмысшы топ жетекшісі жауапты сала басшыларына дариядағы су деңгейін үнемі бақылауда ұстап, су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы іске асыруды тапсырды.