Аудан әкімі Қарақұм беткейдегі ауыл тұрғындарымен кездест

Аудан әкімі Қарақұм беткейдегі ауыл тұрғындарымен кездест

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қарақұм беткейдегі Шәкен ауылына арнайы барып, шалғайдағы елді мекен тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде алдымен ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар айтылып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Сондай-ақ, Мұхтар Әуесұлы 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Басқосуда шалғайдағы Шәкен ауылының тұрғындары елді мекенге трансформатор орнату, №134 мектепке оқушылар тасымалдайтын автокөлік алып беру, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, округке қарасты Шилі елді мекеніндегі ұялы байланыс желісінің сапасын жоғарылату және тағы басқа да бірнеше өзекті мәселелерді көтерді.

Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Халықпен кездесулерде аудан прокуроры Дарын Әбіш те сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін жеткізді.

Тұрғындармен кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғанибек Құрманалиев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Кездесулерден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.