Аудан әкімі шаруашылық басшыларымен кездесті

Аудан әкімі шаруашылық басшыларымен кездесті

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сырдария өзенінің арғы бетіндегі бірқатар шаруашылық басшыларымен кездесіп, егістікті суландыру жайын талқылады.

«Сол жаға» арнасының аяқ жағында орналасқан каналдар арқылы «Ақмаржан» ЖШС, «Рза-Агро» ЖШС күріштіктері мен жеке тұрғындардың бақшалық жерлерге су жіберіледі.

Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты егістік танаптары кеуіп, егілген күріштің күйіп кету қаупі төніп тұр.

Ақжона ауылдық округіне қарасты «Қостам» учаскесінде шаруашылық басшылары қолда бар суды тиісті каналдар арқылы бөліп пайдалану ғана тығырықтан шығаратынын тілге тиек етті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайды баяндап, жағдай шынымен қиын екенін жеткізді. Дегенмен, алдағы уақытта жоғары жақтан қосымша су келе жатқанын да айтып өтті.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев шаруашылық басшыларына қазіргі таңдағы жағдайға түсіністікпен қарап, бар суды кезектілікке сәйкес пайдалану қажет екендігін айтты. Алдағы уақытта су көлемін көбейтуге мүмкіндік болса қосымша су жіберілетінін жеткізді.

Аудан басшысы мұнан соң «Рза-Агро» ЖШС-ның «Әлсейіт» учаскесіндегі І және ІІ ауыспалы егістіктігіне арнайы барып, қазіргі жағдайды көзбен көрді.

Шаруашылықтағы мән-жайды шаруашылықтың егіс бригадирі Қоңыр Жасыбаев айтып берді. Бүгінгі таңда «Әлсейіт» учаскесіндегі 187 гектар күріштікті суару жұмыстары жүргізілуде.

Егіс бригадирінің айтуынша, шаруашылыққа қарасты «Ақдіңгек» учаскесіндегі ІІІ және IV ауыспалы егістіктегі 237 гектар күрішке су жетпей жатыр.