Егістікті суару үшін үш насос іске қосылды

Егістікті суару үшін үш насос іске қосылды

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жалаңтөс батыр» ЖШС егістік алқабына барып, күріштікті суландыру жұмыстарын көрді.

Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты осы шаруашылықтың егіс алқабын суландыру жұмыстары кешуілдеп жатыр. Осының салдарынан кей каналдарға мүлде су шықпай, күріш дақылы күйіп кету алдында тұр.

Бұл мәселені шешу үшін «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің биыл су тапшылығының алдын алуға байланысты алынған 3 насосы пайдаланып жатыр. Олардың екеуі арқылы «Оң жаға» арнасынан 5Х-1 каналына секундына 1 текше метр су жіберілуде. Бұл канал арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның III және IV ауыспалы егістігіндегі 125 гектар күріш су ішеді.

Ал, үшінші насос «Оң жаға» арнасына орналастырылып, 5Х-2 каналын суландыруда. Бұл канал шаруашылықтағы 100 гектар егістікті сумен қамтамасыз етеді.

Шаруашылықтағы қиыншылықтар жөнінде «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсен аудан басшысына егжей-тегжейлі айтып берді.

Өз кезегінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшылары мен «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің бастығы Бабахан Таймановқа шаруашылықтағы егістікті суландыру үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін тапсырды. Қажет болған жағдайда егістікті қосымша су айдайтын насостармен қамтамасыз ету жағын да қарастыруды айтты.

Айта кетейік, «Жалаңтөс батыр» ЖШС биыл 415 гектар жерге күріш дақылын екті. Одан бөлек, егістікті әртараптандыру бағытында жоңышқа, бидай және мақсары дақылдарын да орналастырған.