Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғани Мұратбаев атындағы ауылға арнайы барып, «Рза – Агро» ЖШС егістігін аралап көрді.
Аудан басшысын серіктестік директоры Нұрлан Имандосов егістік басынан күтіп алып, шаруашылықтың жай-күйімен таныстырды.
Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – дәнді дақылдар мен мал азығы дақылдарын егу және өткізу. Суды үнемдеу мақсатында суармалы егістікпен бірге майлы дақылдарды да өсірумен айналысып келеді.
Шаруашылық бойынша 1922 гектар күріш, 600 гектар сүрлемдік жүгері, 595 жаңа, 675 ескі жоңышқа, 90 гектар мақсары егіліп, күтімге алынған.
Егістіктер негізінен Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев және Ғ.Мұратбаев ауылдарында орналастырылған.
Ғ.Мұратбаев ауылдық округі бойынша 124 гектар күріш, 540 гектар сүрлемдік жүгері, 110 жаңа, 150 ескі жоңышқа егілген.
Шаруашылық 675 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымын толық аяқтап, қазіргі таңда екінші орымына кірісіп кетті.
Серіктестік қуаттылығы жоғары отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларымен жарақтандырылған.