Қазалыда Жалаңтөс батырдың еңселі ескерткіші ашылды

Қазалыда Жалаңтөс батырдың еңселі ескерткіші ашылды

Бүгін Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінен «Тұран жолбарысы» атанған Жалаңтөс батырдың еңселі ескерткіші ашылды.

Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан абаттандырылған Жалаңтөс батыр алаңға халық көп жиналды.

Салтанатты сәт театрландырылған көрініспен басталды. Жиналған жұртшылықтың көз алдында кешегі бір тарих қойнауында қалған жылдарға шегініс жасалды.

Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ ЖШС директоры Самұрат Имандосов және «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, ескерткішті салтанатты түрде ашты.

Айта кетейік, Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің биіктігі 12 метрден асады. Ескерткіштің авторы Аманкелді Кененбаев пен Мұрат Сыдықов. Ескерткіштің өзі қоладан құйылған болса, тұғыры гранит тастан қашалып жасалған.

Еңселі ескерткішті орнату үшін аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан аумағы 1 гектарға жуық жер учаскесі бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Алаңға түнгі жарықшамдар орнатылып, тұрғындар отыратын орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер қойылды. Кіре беріс қақпа алды автотұрақ салынып, асфальтталды.