Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Түркістандағы «Farab»  кітапханасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Мемлекеттік тілдің мәселесі қозғалған маңызды жиынға өңірлерден 57 делегат шақырылды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысты.

Құрылтайда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді.  Сондай-ақ қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті.  Президент әкімшілігі мен ел үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік  тіл саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жоспарларды саралап, тиісті тапсырмалар мен жоспарларды бекітті.

«Бұл құрылтайды Түркістанда өткізуімізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облысын құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді Қ.Көшербаев.

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары да баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды.

Түркістан төріндегі құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Ал оның вице-президенттері қызметіне Максим Рожин мен Анар Фазылжанова лайық деп танылды. Берік Әбдіғалиұлы мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді.

«Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті», – деді ол.

Жиында қоғамның құрылтайлар аралғындағы басшы органы болып табылатын Орталық кеңестің жаңа құрамына ҚР Парламентінің қос палатасының депутаттары мен филиал төрағалары және зиялы қауым өкілдерінен құралған 47 адам сайланды. Ал Орталық кеңес басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланып, қызметке кірісті.

Құрылтай барысында өңірлерде қоғам филиалдарының жұмысы күшейтіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Бас ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Оларды Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арнайы марапаттап, қазақ тіліне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.