Қызылордада 56 отбасыға баспана кілті табысталды

Қызылордада 56 отбасыға баспана кілті табысталды

Қызылорда облысында аз қамтылған 12 мыңға жуық отбасы мен мүмкіндігі шектеулі 31 мың азамат бар. Аталған тұлғалар мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілуде. Онан бөлек өңірдегі белсенді ұйымдар мен еріктілер көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов қайырымдылық шаралары аясындағы атқарылған жұмыстарды тізбектеді.

«Жыл басынан бері облыс бойынша демеушілер мен ұйымдардың қолдауы арқылы 8 мыңнан аса әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен жеке қорлардың қаражаты есебінен баспанаға мұқтаж 56 отбасыға үй кілті табысталды. Мұнда әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға коммуналдық шығындарды өтеу үшін қажетті қаржы қарастырылды. Қайырымдылық шараларын өткізуге мекемелер мен кәсіпорындар, бизнес-құрылымдар, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар және қайырымдылық қорлары ат салысты. Бұл қайырымдылық жұмыстары жыл көлемінде жалғасатын болады», – деді Мейрамбек Жақсылықұлы.

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы басталғалы бері 647 іс-шара ұйымдастырылды. Марафон аясында көмекке мұқтаж әртүрлі отбасыларға азық түлік пен қажетті тұрмыстық заттар үйлестірілген. «Қоғамдық Келісім» орталығының директоры, «Волонтерлер фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов жоба шеңберіндегі шаралар туралы баяндады.

«Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы ауқымды шараларды ұйымдастырды. Облыс көлемінде 3000 мыңға жуық отбасына азық-түлік себеті үйлестірілді. Одан бөлек, әртүрлі ұйымдардың бірлесуімен көмекке мұқтаж азаматтарға баспана кілті берілді. Атап айтсақ, апатты жағдайда тұрған 50 ге жуық отбасыларға баспана кілті табысталды. Оның ішінде Арал ауданындағы Болат Өтемұратов қорының «Баламекен» жобасы шеңберінде 40 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қармақшы ауданының тұрғыны, көпбалалы отбасына «Харекет» қайырымдылық қорының 440-шы баспана кілті табысталды. «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық корының бастамасымен 2 баспананың кілті табысталды. Марафон бастау алғаннан бері еріктілер білім саласында да белсенділік танытты. Мектеп оқушыларынан құрылған еріктілер ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға көмек көрсетуде. Жалпы бұл жобаға қайырымдылық қорлары, жеке кәсіпкерлер мен еріктілер белсенді араласты», – деді Болатбек Серікбайұлы.