«Барлық жол талапқа сай сапалы жүргізілуі қажет»

«Барлық жол талапқа сай сапалы жүргізілуі қажет»

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен ішілік көшелердің жай-күйі талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов айтып берді.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудан бойынша 64 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің 29 шақырымды құрайтын 28 көшесін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Биыл Бозкөл мен Кәукей арасындағы 17,5 шақырым жолы, Қазалы қаласынан Әлсейіт учаскесіне дейінгі жолдың қалған 16 шақырым, Қарлан учаскесі мен Қожабақы ауылының аралығындағы 14 шақырым жолға асфальт төселіп, пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Басықара мен Абай ауылының аралығындағы 20 шақырым автомобиль жолының жұмысын жалғастыруға 305 млн. теңге қаралып, 14 шақырым автомобиль жолын асфальттау жоспарланып отыр. Жұмысты аяқтау үшін қажетті 112 млн. теңгеге тиісті өтінімдер жолданды.

Одан бөлек «Самара-Шымкент-Әйтеке би» 6,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға 160 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде 3 шақырым жол жөнделді. Қалған жол бөліктері 8 метрге дейін кеңейтілуде. Сондай-ақ, темір жол өткелдеріне резеңке төсеніш төселіп, автобус тоқтайтын аялдамалар салынуда.

Бөлім басшысы сондай-ақ, жолдардың жай-күйін жақсарту үшін бірнеше жобалар ұсынылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, қазіргі таңда ауданда жол жөндеу жұмыстары барысында топырақ қажеттілігін қамтамасыз ету үшін карьер мәселесі қиындық туғызып отырғанын қаперге салды.

Бөлім басшысының баяндамасынан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы жолдардың сапасына қатысты түрлі пікірлер айтылып жүргенін жеткізді.

– Қазалы ауданында жолдарды жөндеуге жақсы көңіл бөлінген. Ол үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Осы жұмыстар сапалы атқарылуы тиіс.

Былтыр ғана асфальтталып, пайдалануға берілген Бекарыстан би ауылындағы көшелердің сапасына байланысты сын көтермейді. Бюджеттен қаражат бөлінгеннен кейін барлық көше талапқа сай сапалы жүргізілуі қажет, – деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.

Аудан басшысы сондай-ақ, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен ішіндегі жол белгілерін дұрыстауға тапсырма берді.

Әкімдік мәжілісінен кейін аппарат мәжілісі өтті. Басқосуда 3 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі «Аудан бюджетінің І жартыжылдыққа игерілу болжамы туралы» аудандық қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиев, «2021 жылдың ІІ жарты жылдығына баспасөзге жазылуды ұйымдастыру туралы» аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Тілеумбетов, «Су айдындарына шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесі туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев хабарлама жасады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәслелердің барлығы да маңызды екенін айтып, жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, жұқпалы індеттің әлі де болса бәсеңдемегенін, сондықтан да қауіпсіздік шараларын естеу шығармау қажеттігін айтты.

– Елімізде эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақтала қойған жоқ. Ауданымызда да бұл дертпен науқастанып жатқандар жетерлік. Індеттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Халықтың көпшілігі вакцина алмайынша біз бұл кеселден құтыла алмаймыз. Сондықтан вакцинациялау жұмыстарына бей-жай қарамайық, – деген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жиынды қорытындылады.

Басқосу барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық спорт дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып тағайындалған Орысбек Жәмшейітовті таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.