Аудан әкімі Байқожа мен Ақсуат ауылының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Байқожа мен Ақсуат ауылының тұрғындарымен кездесті

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Байқожа мен Ақсуат елді мекендерінде болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Қос ауылдағы әлеуметтік нысандарда болып, жұмысын көрді.

Аудан басшысы алдымен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олармен емен-жарқын пікірлесті. Байқожалықтар мен ақсуаттық ағайындар ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар екенін айтып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
– Өткен жылы Ұлы жолдың бойындағы Ақсуат ауылында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, 90 орындық балабақша мен 150 орындық клуб жаңа ғимаратқа көшті. Одан бөлек, көшелеріміз де жөнделіп жатыр. Біз бұл үшін қуаныштымыз. Осы жұмыстар жалғасын тауып, ауылға көгілдір отын тартылса деген тілегіміз бар, – деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзахан.
Ақсуат ауылына сапары кезінде Мұхтар Оразбаев №100 мектепке арнайы бас сұғып, жұмысымен танысты. Білім ордасының басшысы Руслан Қаржаубаев қатты отынмен жылытылатын мектептің жылу қазандығын жаңалау жөнінде ұсыныс айтты.
Байқожалық тұрғындар да елді мекенге қатысты бірнеше сауал қойып, ой-пікірлерін білдірді. Жаңа тағайындалған аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев халықпен кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы да назарда болып, ауданның алға қарай жылжуы үшін бірлесіп жұмыс жасайтынын жеткізді.