Аудан әкімінің орынбасары жеке қабылдау өткізді

Аудан әкімінің орынбасары жеке қабылдау өткізді

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай жеке қабылдау өткізді. Аудан әкімдігінің фронт-кеңсесінде өткен қабылдауда тұрғындар өздерінің арыз-шағымдары мен өтініштерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Қабылдауға келген азаматтардың негізгі мәселелері – баспана және жер учаскесін алу жайында болды. Тұрғындардың өтiнiштерiн мұқият тыңдаған аудан әкімінің орынбасары олардың тарапынан айтылған мәселелердiң заңдылығына сәйкес, оңтайлы шешiмiн табуы үшiн тиiстi жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Тұрғындар мәселесіне қатысты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Жеке қабылдауда аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов баспана мәселесін шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтып берсе, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов тұрғын үй салуға жер алудың заңдылықтарын түсіндірді.

Айта кетейік, аудан әкімі орынбасары Ғалымжан Еркебай азаматтарды жеке мәселелері бойынша әр аптаның дүйсенбі күндері сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін қабылдайды. Алдын ала жазылу 79-2-80 телефон нөмірі немесе аудан әкімдігінің ғимаратында тіркелу арқылы жүргізіледі.