«Таңдау жасау – міндетім»

«Таңдау жасау – міндетім»

Қазалы ауданындағы барлық сайлау учаскесінде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Тіпті, төсек тартып ауырып жатқан немесе өздігінен жүріп-тұра алмайтын сайлаушылардың таңдау жасауына да барлық жағдай жасалған.

Тұрғындар көше-көше болып сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауларын жасап жатса, денсаулығына байланысты учаскеге келе алмаған жандарға учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері өтініш білдіргендердің үйлеріне сайлау жәшігін апарып, таңдауларын жасатуға мүмкіндік тудырды.

Сондай жандардың бірі – Әйтеке би кентінде тұратын І топ мүгедегі Жеңісбек Көжебаев. Жеңісбек мүмкіндігі шектеулі жан болса да Қазақстанның болашағы жарқын боларына сенімді. Сол үшін бүгін сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады.

– Біз бүгінімізді ғана емес, болашағымызды ойлап таңдау жасауымыз тиіс. Еліміздің болашағының жарқын болуы – ол біздің ұрпақтарымыздың, солардың болашақтарының жарқын болуы. Сондықтан таңдау жасау – міндетім, – деп ағынан жарылды.