
Нұрсұлтан мен Мөлдір Баймановтар отбасында бірден үш қыз – Хадия, Жания және Дания дүниеге келді. Балаларды қорғау халықаралық күніне орай Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы сәбилерге туу туралы куәліктерін табыстады.
Нәрестелер мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен, біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болды. Жуырда қыздар анасымен бірге перзентханадан аман-есен шығарылды.
Үшемнің дүниеге келуімен Баймановтар отбасы бұрынғыдан да үлкен шаңыраққа айналды. Жаңа туған үш бүлдіршіннен бөлек, отбасында үлкен қыздары мен ұлдары тәрбиеленіп жатыр. Көпбалалы ана Мөлдірдің айтуынша, бірден үш қыздың өмірге келуі отбасы үшін зор қуаныш болған.
«Біз өте бақыттымыз. Отбасымыз үшін бұл – үлкен қуаныш әрі тағдырдың ерекше сыйы. Көпбалалы ана атанғаныма қуаныштымын. Барлық уайым мен алаңдаушылыққа қарамастан, бүгін жүрегімізді тек қуаныш пен шүкіршілік сезімі кернеп тұр», – дейді анасы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 5686 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 49 егіз тіркелген. Баймановтар отбасындағы үшем – биыл облыста тіркелген алғашқы үшем.
«Үшемнің дүниеге келуі – тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін ерекше әрі қуанышты оқиға. Балаларды қорғау халықаралық күні сәбилерге алғашқы құжаттарын табыстау біз үшін үлкен мәртебе. Баймановтар отбасын шын жүректен құттықтап, бүлдіршіндерге мықты денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Аида Абибуллаева.
Сонымен қатар облыстық филиал атынан «Талсуат» балалар орталығының тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар аясында балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйланып, оларға қамқорлық пен қолдау көрсетілді.