Кәмелетке толмағандар мәселесі күн тәртібінен түспейді

Кәмелетке толмағандар мәселесі күн тәртібінен түспейді
 

Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Көшпелі комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Дәурен Тілеумбетов, аудандық прокуратураның прокуроры Еркебұлан Қанатбек, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмат Бердібеков және комиссия мүшелері, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы мектеп директорлары мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Сонымен қатар, №266 мектеп-лицей мен Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің мұғалімдері және 8-11 сынып оқушылары мен ата-аналары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Дәурен Оңғарбайұлы басқосудың мән-маңызына тоқталып, «Заң мен тәртіп» аясында құзырлы органдармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
– Құқық бұзушылықтың, оның ішінде жастар арасындағы топтық төбелестің алдын-алу мақсатында аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме-кәсіпорын басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, мектеп директорларынан құрылған 15 топ құрылып, қазір 3-ші жылдан асып барады, күнделікті кешкі сағат 10:00-ден 02:00-ге дейін жасөспірімдер жиі жиналатын орындарда түнгі рейдтік жұмыстар жүргізуде.
Күнделікті рейд жұмыстары және ата-налармен түсіндірме жұмыстары бірнеше мәрте жүргізілгеніне қарамастан, әлі де бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналардың бар екені алаңдатады. 2025 жылы балалары беймезгіл уақытта жүргені үшін 560 ата-анаға айыппұл салынған.
Компьютерлік клубтарда, ойын-сауық орындарында, көшеде әлі болса түнгі 10-02 уақытында жүрген балаларды көреміз.
Бұл – жазалау үшін емес, ата-аналарды тәртіпке шақыру, дұрыс жолға бағыттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, – деп бала тәрбиесімен бірлесіп айналысуға шақырды.
Көшпелі комиссия отырысында №266 мектеп-лицейдің директоры Ерлан Өтепбергенов пен Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің директоры Төребай Шермаханов білім ордаларында оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында хабарлама жасады.
Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов ата-аналарға ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған кезеңде оқушылардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндет екенін жеткізіп, ұялы телефонға «Family Link» қосымшасын орнатудың тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, «Family Link» қосымшасы ата-аналар үшін баланың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімді құрал болып саналады. Өйткені ол баланың экран уақытын шектеуге, қолданбаларды орнату мен пайдалануды бақылауға, сондай-ақ құрылғының орналасқан жерін қадағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, мәжілісте аудандық прокуратураның прокуроры Еркебұлан Қанатбек пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Алмат Бердібеков сөз сөйлеп, ата-аналарды бала тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды.
Одан бөлек, «Сауаптан құр қалмайық» қайырымдылық қорының төрағасы Мақсұт Қарымсақ, Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің ата-аналар кеңесінің мүшесі Ғалия Кадирова және тағы басқалары сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Көшпелі комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Дәурен Тілеумбетов қорытындылап, баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының, мектептің және қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.