Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында салынып жатқан спорт кешендерінің құрылысы мен Ү.Түктібаев ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.
Алдымен Қожабақы ауылына табан тіреген аудан басшысы елді мекендегі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының сапасын бақылады. Бүгінде спорт ғимаратының іргетасын, коллонналарын құю және сыртқы қабырғаларын кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, ішкі, сыртқы кәріз жұмыстары, сыртқы ауыз су желісі жүргізілген. Жалпы құрылыс жұмыстары 60 пайызға орындалған. Спорт кешенінің құрылысы келер жылға толықтай аяқталып пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мердігер мекеме «Намыс - Құрылыс» ЖШС.
Мұнан кейін Алмасбек Әбілқасымұлы Бекарыстан би ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Бүгінде кешеннің ішкі, сыртқы әрлеу және тазалық жұмыстары жасалуда. Жалпы жоспарланған жұмыстар 95 пайызға толықтай аяқталған. Спорт кешенінің құрылысын алдағы ақпан айының ішінде толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудан басшысы салаға жауапты орынбасары мен екі нысанныңда құрылысымен айналысып жатқан мердігерлерге спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын күнделікті қадағалап, ешқандай кемшіліксіз, сапалы аяқталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Аудан әкімі ауылдарды аралау барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жүзеге асып жатқан Ү.Түктібаев ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын да көрді. Ауылдағы электр желілерін жаңарту жұмыстары наурыз айында толықтай аяқталмақ.
Қазіргі таңда электр желілерін қайта жаңғырту жобасына сәйкес барлығы 5 дана трансфоматор қондырғысы, 10 кВ әуе желісінің және 0,4 кВ әуе желісінің жалпы 600-ден астам темір бетон бағаналары орнатылды.
Аудан басшысы салаға жауапты орынбасары мен мердігер мекеме «Қызылорда кірпіш зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкіліне ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар сапалы әрі биылдан қалмай аяқталуы қажет екенін ескертті.