
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның бас шыршасының шамын жағу рәсіміне қатысты. Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда өткен «Шырша шамы – шаттық нұры» атты іс-шарада аудан басшысы тұрғындарды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. 2025 жыл біздің еліміз үшін, киелі Сыр өңірі мен қасиетті Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Биыл Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму қарқынына, атқарған жұмыстарымызға оң бағасын берді. Мемлекет басшымыздың өңірге берген бұл бағасы - бәріміз үшін зор мәртебе. Жылдың басында аудан бюджеті 18,9 млрд. теңгеге бекітілсе, биылғы жылдың 11 айының қорытындысымен 21,6 млрд. теңгеге жетті. Жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Алдағы уақытта да ауқымды жобаларымыз көп. Өздеріңізбен бірлесіп, атқаратын боламыз. Өтер жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Жаңа жыл еліміз бен өңіріміз үшін қарымы қарышты, толайым табысты болғай! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!», – деді аудан басшысы.
Бас шыршаны жағу мәртебесі өз саласында үздік атанған жерлестерімізге – ел намысын халықаралық және республикалық ареналарда абыроймен қорғап жүрген, Қазақстан Республикасының ауыр атлетика чемпионатының жеңімпазы, ауыр атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат, Қазалының қайсар да намысты спортшы қызы - Төребаева Фатима және білім мен тәрбиенің биігінен көрініп, болашаққа нық қадам басып келе жатқан, Мұстафа Матаев атындағы №170 мектептің үздік үшінші сынып оқушысы - Әмина Жасұланқызына берілді.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының көңілді концертімен және от шашумен жалғасты.