Қазалыда 10 қазаннан бастап жылу беру жұмыстары басталды. Бұған күн райының күрт төмендеуі себеп болып отыр. Осылайша аудан басшысының шешімімен тиісті нысандар жылуға биыл бес күн бұрын қосылды.
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген нысандарды аралап, бу қазандықтарының жай-күйімен танысты.
Биыл Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектеп пен Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бу қазандығы көгілдір отынға бейімделген болатын. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы бөлінді.
Ал, Қазалы ауданаралық ауруханасының бу қазандығын көгілдір отынға ауыстыру жұмыстары өткен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда аталған әлеуметтік нысандар арзан әрі экологиялық таза табиғи газбен жылытылуда.
Аудан басшысы сонымен қатар, Басықара ауылына да ат басын бұрып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Осындағы аппаттық материалдар базасына арнайы барып, су тасқыны кезінде пайдаланылатын материалдардың қорын көрді. Басықара ауылдық округінің әкімі Мұрат Бекмамбетовке базаға қажетті заттарды нақтылап, пайдаланған заттардың орнын толтырып қоюды тапсырды.