Бірнеше күн бұрын Тасарық ауылдық округіндегі «Мариямкөлінің» бөгетін су жырып, округ орталығын су басу қаупі туды. Қазіргі таңда жылыстап аққан су ауыл маңына жақын тұр.
Тасарық ауылындағы жағдай аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың бақылауында. Бұл қорғаныс бөгеттері облыстың коммуналдық меншігінде болғандықтан облыстық бюджеттен қаржы бөлдіріп, қалпына келтіру жұмыстарын жасау жөнінде ұсыныс берілді.
Осыған орай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мамандары келіп, жағдайды көзбен көрді. Мамандармен кездескен ауыл тұрғындары бұл жағдай жылда қайталанатынын жеткізіп, Қуаңдария өзенінің бойына су тоспасын салу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл өз кезегінде «Мариямкөл» суға толған жағдайда артық суды төмен қарай жіберуге мүмкіндік береді.
Бүгін осы мәселеге байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Тасарық ауылында орын алған жағдайды талқылап, қауіптің алдын алу үшін қажетті жұмыстарды пысықтады. Бұл жиынға аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, су саласының ардагері Қолғанат Қартанов та арнайы қатысып, өз ой-пікірлерін жеткізді.
Мамандар ақылдаса келе «Қаракөл» көлінен Қуаңдария арнасына арық қазып, су деңгейін түсіру жөнінде шешім қабылданды. Ол үшін арнайы техникалар дайындалып, жергілікті қордан жанар-жағар май бөлінді.
Отырыста аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сала мамандарына алдағы уақытта «Нартай» каналына механикалық тазартуға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.