Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев пен Ахмет Ясауи көшелерінің қиылысында Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Облыс орталығындағы «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Қазалы ауданынан 60-қа тарта көлікпен барлығы 137 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды.
Атап айтқанда, 25 тонна күріш, 85 тонна шамасында картоп және көкөніс, 6 тонна ет, 14 тонна балық, 6 тонна сүт, сүзбе,құрт, қаймақ өнімдері және «Қазалы» конфеті өнімдері қала тұрғындарына нарық бағасынан 10-15% төмен ұсынылды.
Қазалы ауданының жәрмеңкесіне аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы арнайы келіп, аудан шаруаларының ұсынған өнімдерімен танысты. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аймақ басшысы мен жәрмеңкеге арнайы келген зиялы қауым өкілдеріне, қонақтарға мұндағы барлық өнімдердің тұрғындарға нарықтағыдан төмен бағамен босатылып жатқанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да арзандатылған жергілікті өнімге қызығушылық танытты.