ҚР Ұлттық кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиева Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында алдымен Ұлттық кітапхана басшысы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен бірге аудан орталығындағы «Руханият» орталығымен және орталықта орналасқан аудандық кітапхананың жұмысымен танысты.
Биылғы жылдың басында пайдалануға берілген «Руханият» орталығындағы неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі келушілерге тұрақты қызмет көрсетуде. Орталықтың жұмысы туралы Ұлттық кітапхана басшысына Дәурен Оңғарбайұлы толықтай таныстырып өтті.
Бүгінде Қазалы ауданындағы барлығы 26 кітапханада 577 - мыңнан астам кітап қоры жинақталған болса, «Руханият» орталығындағы аудандық кітапхананың өзінде 49677 кітап қоры бар. Бүгінде жаңа, заманауи ғимаратқа көшірілген кітапханаға келушілердің де саны өскен. Бүгінде орталық кітапхананың 5500- ден астам тұрақты оқырманы бар. Кітапхана жұмысымен танысқаннан кейін Ғазиза Нұрғалиева арнайы Қазалы аудандық кітапханалар қорын толықтыру мақстында Ұлттық кітапхана тарапынан резервте тұрған 1000 дана кітап сыйға беретін айтты.
Ұлттық кітапхана басшысы «Руханият» орталығынан кейін Өркендеу ауылдық округінде орналасқан көне Жанкент қалашығына барып, ондағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлермен танысты.
Жанкент қалашығы – Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қазақстанның ортағасырлық, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеудегі маңызды нысан. VІІ–XII ғасырлардағы Сыр бойындағы ірі қалалардың бірі, Оғыз қағанатының астанасы саналған. Мұнда 2014 жылдан бері қазақстандық және шетелдік археологтардың қатысуымен кешенді зерттеу жүргізілуде.
Көне шахардың тарихымен танысқан Ғазиза Құдайбергенқызы тарихи құнды қазынамыз, жәдігерлерімізді келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру, оны насихаттау жұмыстары үздіксіз жалғаса беру керектігін жеткізді.
Ұлттық кітапхана басшысы Ғазиза Нұрғалиева Әйтеке би кентіндегі абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген Қазалы мәдени-демалыс кешенінің де жұмысымен танысты.